Қате тапсырылған декларацияны қалай жөндеуге болады?

23 Ақпан 2021, 14:56
3651
Бөлісу:
Қате тапсырылған декларацияны қалай жөндеуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Егер декларацияны толтыру кезінде мемлекеттік қызметші қате жіберсе, не істеуге болады. Бұл декларацияны қайтадан толтыру керек пе және қате декларациямен не істеу керек? Бұл сұраққа ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді.

Жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) осы жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуы тиіс.

Алайда, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қате немесе толық емес мәліметтер толтырылса, мұндай декларацияны қосымша декларациямен түзетуге болатынын барлық жеке тұлғалар біле бермейді. Егер бастапқы декларацияда активтер мен міндеттемелерді көрсетуді ұмытып қалсаңыз немесе толық көрсетпесеңіз, онда қосымша декларация ұсынуға болады, - делінген хабарламада.

Қосымша декларация – осы өзгерістер немесе толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған декларацияға өзгерістер немес толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын декларация.

Қосымша декларацияда:

1) сомалары өзгертілген кезде – салықтық кезеңдегі бұрын ұсынылған декларацияда көрсетілген сома мен іс жүзіндегі салықтық міндеттеме арасындағы айырма;

2) қалған деректер өзгертілген кезде, жаңа мән тиісті жолдар бойынша көрсетіледі.

 Егер декларацияда міндетті деректемелер дұрыс көрсетілмесе немесе мүлдем көрсетілмесе, оны кері қайтарып алуға болады.

Салықтық есептілікті керi қайтарып алу мынадай әдiстердiң бірiмен жүргізіледі:

1) жою әдiсiмен, бұл ретте керi қайтарылатын салықтық есептілік жойылады;

2) өзгерту әдiсiмен, бұл ретте бұрын ұсынылған салықтық есептілікке салық төлеушi мәлiмдеген өзгерістер немесе түзетулер енгiзiледі.

Жою әдісімен қате ұсынылған декларацияны (табыс ету бойынша міндеттемелер жоқ), сондай-ақ егер:

- декларация нысаны белгіленген нысанға сәйкес келмесе;

- декларацияда салық органының коды немесе салық кезеңі көрсетілмеген; активтер мен міндеттемелер туралы декларация жасалатын күні көрсетілмеген немесе салық есептілігінің түрі көрсетілмеген жағдайда табыс етілмеген деп саналатын декларацияны кері қайтарып алуға болады.

Мысалы, кейбір мемлекеттік қызметшілер 2021 жылы қате түрде 230.00 нысаны бойынша декларация ұсынды. Осы жылы мұндай декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме болмағандықтан, оны жою әдісімен кері қайтарып алу қажет.

Егер декларацияны тапсыруға міндетті болмаса, жою әдісімен кері қайтарып алғаннан кейін дұрыс декларацияны қайта тапсыру қажет.

Егер валюта коды көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе, салық органының коды, салық кезеңі немесе салық есептілігінің түрі дұрыс көрсетілмесе, декларацияны өзгерту әдісімен кері қайтарып алу жүргізіледі. Қате декларацияны кері қайтарып алу үшін салық органына өзінің тіркеу есебінің орны бойынша өтініш беру қажет. Салық органының коды дұрыс көрсетілмеса, салық есептілігін өзгерту әдісімен кері қайтарып алу үшін өтініш осы декларация тапсырылған салық органына табыс етіледі, - делінген ақпаратта.

Декларацияны кері қайтарып алу туралы мәліметтерді «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының "Электрондық сервистерінен" көруге болады. "E-Salyq Azamat" тегін мобильді қосымшасын "App Store" немесе "Play Market"-тен жүктеуге болады.




Өзгелердің жаңалығы