Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Катарға жасалған соққы: Аймақтағы жаңа қақтығыстың бастауы ма?

Әсел ӘБІЛБЕК
10 Қыркүйек 2025, 12:00
1662
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Израиль Катар астанасына бірнеше әуе соққысын жасады. Бұл соққылардың басты нысанасы ХАМАС қозғалысының жетекшілері болды. Катар билігі мұны халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалап, аймақтағы тұрақсыздықты одан әрі ушықтырады деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл соққы Израильдің тарихта алғаш рет Катар аумағына соққы жасауы. Бұған дейін Израильдің әскери операциялары көбіне Газа секторы, Ливан және Сирия аумақтарымен шектеліп келген. 

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, шабуылдың мақсаты Қатар арағайындық жасап отырған атысты тоқтату және тұтқындарды босату жөніндегі келіссөздерге наразылық білдіру болған.

Израильдің ХАМАС-қа қойған басты талабы – барлық 47-48 тұтқынды (оның ішінде 26-сы қаза тапқандар) қайтару. Сонымен қатар Израиль атысты тоқтатқаннан кейін ХАМАС-тың Газа секторын толық тастап шығуын талап етті. Алайда ХАМАС бұл талапқа келіспеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та ХАМАС-қа ультиматум қойып, талаптарды орындауға шақырды. Бұған қоса, Израильдің мақсаты Дохада орналасқан ХАМАС басшыларының кеңсесіне соққы жасап, саяси жетекшілерін жою еді. Нысанаға алынғандар қатарында Халед Маш'ал мен Халил әл-Хайя сынды ірі фигуралар болды. Кейбірі аман қалғаны мәлім. Бұл қадамның салдары қайшылық туғызып жатыр, - дейді ол.

Израильдің бұл шешімі араб елдерімен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасын тәуекелге тіккен қадам ретінде бағалануда. Алайда 2023 жылғы ХАМАС-тың Израильге жасаған ірі шабуылы бұл аймақтағы қауіпсіздік ахуалын түбегейлі өзгертіп жіберді. Израиль араб елдерімен ресми бейбіт келісімдерді тоқтатқанымен, Иранға қарсы бағытталған бейресми араб-израиль қауіпсіздік ынтымақтастығы әлі де жалғасып жатыр.

Израиль үшін қазір ұлттық қауіпсіздік басты басымдық. Тель-Авив Газада жаңа әскери операция бастайтынын мәлімдеп, тұрғындарға эвакуация туралы ескерту жасап жатыр. Израильдегі ұлтшыл саясаткерлер Газа секторын еврейлерге қоныстандыру идеясын көтеріп отыр. Негізінен бұл халықаралық қауымдастық тарапынан алаңдаушылық тудырып тұр, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, Халықаралық құқық тұрғысынан Израильдің Қатарға жасаған соққысы заңсыз әскери әрекет.

Бұл қадамды айыптағандар арасында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ұлыбритания Премьер-министрі Кеир Стармер, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев,Түркия билігі және араб елдерінің басым бөлігі қатаң айыптады. Барлығы мемлекет егемендігін бұзу және бейбіт келіссөздерге жасалған соққы ретінде бағалады, - деді сарапшы.

Бұл шабуыл Қатарда өтіп жатқан Израиль-ХАМАС келіссөздерінің уақытша тоқтауына әкеп соқты.

Дональд Трамп «соққы жасалғаны өкінішті, енді қайталанбайды, бұл мүддемізге сай емес» деп қысқа ғана мәлімдеме жасады. Жуырда ғана Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ Америка экономикасына 3-4 трлн доллар саламыз дегені есіне түскен шығар. Алайда Катар- Израиль мен АҚШ үшін дипломатиялық байланыс орнату үшін стратегиялық алаң болып қала бермек. Өйткені Түркияның араласуы Израиль үшін қауіпті саналады. Бұл туралы египеттік сарапшылар да ескертті,-дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының айтуынша, алдағы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Франция мен Ұлыбритания бастаған елдер Палестина мемлекетін ресми түрде мойындау туралы жаңа дипломатиялық ұсыныс енгізуі мүмкін.

Қазақстан Президенті Тоқаевтың шабуылды алғашқылардан болып, шұғыл айыптауы, Қазақстанның халықаралық құқықты құрметтейтін басшылыққа алатын, әрі Палестина мемлекетін құру туралы ашық дипломатиялық ұстанымын білдіреді. Сонымен қоса, Қазақстанның БҰҰ ұйымын реформалаудағы "орта күш" тұжырымына сәйкес Тоқаевтың алдағы БҰҰ мінберіндегі болашақ баяндамасында да атап өтілуі ықтимал, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы