Жеңіс Қасымбек облыстағы кәсіпорындарды тексеруді тапсырды 

8 Қараша 2021, 13:33
1135
Бөлісу:
Жеңіс Қасымбек облыстағы кәсіпорындарды тексеруді тапсырды 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңеске қатысушылар «Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шахтадағы жұмыстар апаттың мән-жайы толық анықталғанға дейін тоқтатылды. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың барлық сегіз шахтасында тексеру жүріп жатыр.

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандар әкімдеріне облыстың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін жаппай тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайлылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты.

Облыс әкімдігінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Кеше біз марқұмдардың отбасыларына бардық. Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғыны сіздермен қайғы-қасіретті бөліседі, – деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетейік, кеше «Абай» шахтасында кенеттен метан тарады. Алты шахтёр қайтыс болды, екеуі ауруханада жатыр. Жеңіс Маралбаевты жансақтау бөлімінен бөлімше палатасына ауыстырды, Элайдын Зейналовты да палатаға ауыстыруға дайындауда.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы