15 қазан кешке Ақтау тұрғындары арасында Каспий теңізінде бір адам суға батып кетті деген ақпарат тараған. Алайда Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл деректі жоққа шығарып, ер адамның есірткі заттарының әсерінде болғанын және судан өз бетімен шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
ТЖД мәліметінше, шақырту 16:00-де облыстық полиция департаментінен түскен. Оқиға 4А шағын ауданында, Caspian Riviera қонақүйінің маңында болған.
Қазақстан Республикасының азаматы есірткі заттарының әсерінде болып, рұқсат етілмеген жерде шомылған. Ер адам өз бетімен жағаға шыққан, медициналық көмекке мұқтаж болмаған, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Оқиға орнына ТЖД-ның төрт қызметкері, бір техника және бір су көлігі тартылған.
Айта кетейік, құтқарушылардың мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымы кезінде Маңғыстау облысында рұқсат етілмеген жерлерде тоғыз адам, соның ішінде үш бала суға кеткен. Маусым аяқталғаннан кейін тағы бір адам қаза тапқан.