Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Nomad Stunts кәсіби каскадерлер халықаралық тобының көшбасшысы Жайдарбек Күнғожинов өз жұмысының қиындықтары туралы айтып берді.
Каскадер бір күн бұрын оған Нұр-Сұлтандағы Ұлттық нейрохирургия орталығында омыртқаға ота жасалғанын айтты. Жақында омыртқасы сынған және мойын жарақаты болған екен.
Каскадерлердің өмірінде болатын бұл жайттар туралы мен не менің жігіттерім осы уақытқа дейін айтып, жақ ашқан емеспіз. Бірақ мен бұл дәстүрді бұзып, айтуға бел будым. Себебі бір продюсер операциядан бір күн бұрын маған «Біз сізге көп төлеп жүрген жоқпыз ба?» деп сұрады. Мұндай сұрақты продюсерлер де, режиссерлер де жиі қояды. Менің ойымша, бұл қисынсыз сұрақ. Біз әдетте мұндай сұрақ қоймаймыз, - деп жазды Күнғожинов Facebook-те.
Ол Қазақстанда түсірілім кезінде каскадерлерге артық істелген уақыт үшін төлем жасалмайтынын және сақтандырылмайтынын айтты.
Мен үшін бәрі түсінікті, біз Голливуд емеспіз. Мен бұл жағдайға түсіністікпен қараймын. Мен барлық режиссер мен продюсерге бір ғана сұрақ қойғым келеді: «Сіздің денсаулығыңыз бен өміріңіздің құны қанша?». Сіздер жауап беруге қиналасыздар деп ойлаймын, себебі әрқайсымыз үшін өмір мен денсаулық баға жетпес байлық, - деді Жайдарбек Күнғожинов.Каскадер өткен бір жарым жыл ішінде оның командасының мүшелері түсірілім барысында әртүрлі жарақат алғандарын айтты.
Олардың аяғы сынған кездері де болды, иығының сіңірлері де жыртылып кетті, тістері сынып, еріндері жыртылды, тізелерін де зақымдап алып жатты, деді ол.
Менің жігіттерімнің ешқайсысы орынсыз сұрақ қоймайды. Өйткені бұл біздің жұмысымыз. Мысалы, отандық жобалардың түсірілімінен кейін режиссерлер, продюсерлер мен актерлер Президенттен грамоталар, медальдар алып, мансаптары жоғарылап креслоға жайғасып, ақша алып жатады. Осының барлығы қалай келіп жатыр деп сұрамаймыз! Түсірілімнен кейінгі жарақаттарымызды емдеп, үйде жатамыз, қисынсыз, орынсыз сұрақ қоймаймыз, - деп жазды каскадер.
Ол Nomad Stunts шетелде өте сыйлы, атағы бар топ екенін айтты.
Онда біз, яғни каскадерлер кадр үшін қандай тәуекелдерге баратынымыз жайлы түсінеді, біледі. Олар сондықтан осындай «ақымақ» сұрақ қоймайды, - деді ол.
Айта кетейік, 2020 жылдың соңында Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі үшін Жайдарбек Күнғожинов әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын алған еді. Оны каскадерлік «Оскар» деп те атайды.
Кейде мен және менің жігіттерім елімнің патриоты екеніне өкінемін. Не істейміз, осындай адамбыз. Біз актерлерімізге батыр болып көрінуге көмектесеміз. Кейде бір актерді бірнеше дублер ойнайтын кездер болады. Дублер түсірілім кезінде аяғын сындырып алса, гипсті бояп тастап, түсірілімді тоқтатпай жалғастырған кездер де болған. Біз жынды емеспіз. Біз фильмдеріміз үшін экшн жасағымыз келеді. Режиссерлер мен продюсерлерге өздерінің әл-ауқатын жақсартуға және ең жақсы беделге ие болуға көмектескіміз келеді. Өйткені олардың фильмдерінде керемет экшн көріністер бар. Мақсатымыз елімізді әлемдегі ең жақсы каскадерлік топтардың отаны ретінде даңқын асыру, - деді Жайдарбек Күнғожинов