Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

15 Наурыз 2022, 17:02
1869
Бөлісу:
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы  жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14-16 наурызда Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жетекшілік еткен делегация Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүр.

КФ делегациясы қатысқан алғашқы іс-шара Маңғыстау әкімдігінде әлеуметтік әріптестермен өткізілген жиналыс болды. Іс-шараға әлеуметтік әріптестіктің үш тарабы – Кәсіподақтар федерациясы, облыс әкімдігі, өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылығы және кәсіподақ жетекшілері қатысты. 

Жиынды ашқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының қарыштап дамуына қарамастан, оларды жетілдіру бойынша өзекті мәселелер және әлеуметтік әріптестер тарапынан пәрменді шаралар қабылдау күнтәртібінде тұр. 

Әлеуметтік–еңбек саласындағы жағдайға қатысты толыққанды ақпаратты мемлекеттік еңбек инспекциясының бастығы Алигер Іңкәров ұсынды. 

 Оның мәліметінше, жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындарда 53 ұжымдық еңбек дауы тіркелген, оның 20-сында жұмысшылар наразылық акциясы кезінде жұмысты тоқтатқан. 

Қазіргі уақытта 34 еңбек дауы толық шешімін тапты, ал мониторингіде 19-ы қалды. 17 кәсіпорында осы кәсіпорындарды ұлт меншігіне айналдыру және жалақыны көтеру жөнінде талаптар қойған. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар басшыларының қатысуымен үшжақты өңірлік комиссияның отырысы өткізіледі, - деді Алигер Іңкәров. 

 ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулетин жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде, ҚР КФ мониторингісіне сәйкес еңбеккерлер талаптарының 86 пайызы жалақыны көтеруге қатысты, одан кейін еңбек жағдайына және жұмысберушінің қызметкерлермен келіссөз жүргізуден бас тартуына байланысты мәселелер екенін айтты. 

Егер жұмысберушілер жұмыскерлердің талаптары бойынша дер кезінде қимылдағанда көптеген еңбек дауларының алдын алуға болушы еді. Еңбек дауы ең алдымен жұмысберуші мен жұмыскерлер өкілдерінің арасындағы екіжақты диалог екенін естен шығармау керек. Бұл келіссөздер жүргізу арқылы тараптар барынша күрделі даулы сұрақтар бойынша өзара тиімді шешімге келуі тиіс үдеріс. Алайда өкінішке орай, көбінесе іс жүзінде жұмысберушілер осы үдерістен жалтарып кетіп, мәселені шешуді өңір басшыларының қарауына қалдырады. Біз осындай тәжірибені қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін үзілді-кесілді тиімсіз деп санаймыз, - деді Сатыбалды Даулеталин. 

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы  жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

КФ төрағасының айтуынша, кәсіподақтар жұмысберушілермен бірлесіп жүргізетін еңбек консультациялары бір еңбек ұжымы аясында әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуға мүмкіндік береді. 

Әңгіме ақпарат алмасу, бірлескен екіжақты консультациялар жөнінде. Бір жағынан жұмысберуші өндірісті басқаруға қатысты мәліметтерді кәсіподақтарға береді, екінші жағынан кәсіподақтар еңбек жағдайына байланысты мәліметтерді алады. Бірлескен консультациялар еңбек жанжалдарын азайтуға, тараптар арасындағы ұзаққа созылатын кикілжіңді болдырмауға мүмкіндік береді. Жұмысберушілер кәсіподақтарды қарсыластары емес әлеуметтік әріптестері ретінде қабылдауы керек, - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ол Кәсіподақтар федерациясы «Еңбек елшісі» институтын дамытып жатқанына тоқталды. 

«Еңбек елшісі» - бұл азаматтық ұстанымы мен өмірлік тәжірибесі жұмысберушілермен және кәсіпорындардағы жұмыскерлермен әлеуметтік шиеленісті және ықтимал еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында келіссөз үдерістерін кәсіби деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін адамдар. Олар жоғары дәрежелі басшы болуы міндетті емес, олар беделді тұлғалар, арасында жұмысберуші, кәсіподақ белсендісі, қоғам қайраткерлері және журналистер болады. 

 Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының Үкіметке берген негізгі бастамаларына тоқталып өтті. 

Біз еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру, оның ішінде жалақыны міндетті индексациялаудың болуы қарастырылған; кәсіподақтардың өндірісті басқаруға қатысуын қамтамасыз ету, оның ішінде міндетті түрде жалақы бойынша келіссөздердің болуы; ұжымдық еңбек дауы туындағанда жұмыскерлердің талап қою рәсімдерін оңайлату; еңбек қатынастарын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды күшейту секілді бірқатар ұсыныстарды бердік, - деді Кәсіподақ федерациясының басшысы. 

 Ол әлеуметтік әріптестердің осы бағыттағы шешімі мен бірлескен жұмысын талап ететін мәселелерге тоқталды. Олардың ішінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның жұмысын жаңғырту, өңірлік үшжақты келісімді өзектендіру және өңірдегі еңбек қатынастарын ұжымдық-келісімдік негізде реттеу бар. 

Кәсіподақтар федерациясының талдауына сәйкес Маңғыстау облысында жұмыс істеп тұрған 10 788 кәсіпорынның 1 563-інде ұжымдық шарт жасалған, қамтылу деңгейі 14,5%. 

 Сатыбалды Дәулеталин ұжымдық шарттарда еңбек ұжымдарының орнықтылығына ықпал ететін, жұмыс істейтіндердің материалдық әл-ауқатын арттыратын нормалар мен міндеттемелер енгізілетінін еске салды. Оның сөзінше, көптеген кәсіпорындарда ұжымдық шарттардың мазмұнында декларативтік сипаттама басым, бұл еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістің бастапқы себебіне жатады. Ол осы тұста әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі мен тиімділігі үлгі болуға тұрарлық ұжымдық шарттарды мысал ретінде келтіре кетті. 

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы  жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартын келтіре кетейін, онда әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерге 2,5 млрд теңге бөлінген, яғни бір жұмыскерге 1,4 млн теңгеден келеді, - деді  КФ төрағасы. 

 Әлеуметтік әріптестер Сатыбалды Дәулеталиннің келтірген уәждерімен келісті. 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі әлеуметтік әріптестер ҚР Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-еңбек қатынастар жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-қимылдарын қолдайтынын атап өтті. 

Еңбек даулары құқық алаңында, жұмыскерлер мен жұмысберуші арасында сындарлы диалог арқылы шешілуі қажет. Сол үшін кәсіпорындардағы еңбек ұжымдары, компаниялар басшылары және кәсіподақтар жетекшілері арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді қолға алу керек, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Тараптар тұтас өңірде және кәсіпорындарда тұрақтылықты нығайту тек әлеуметтік әріптестер – кәсіподақтар, жұмысберушілер және мемлекетік органдардың бірлескен іс-қимылдарының арқасында ғана мүмкін деген пікірмен келісті. 

Өзгелердің жаңалығы