Кәсіподақтар федерациясы жалақыны индекстеу бойынша шаралар кешенін ұсынды

21 Қаңтар 2022, 18:17
1765
Бөлісу:
Кәсіподақтар федерациясы жалақыны индекстеу бойынша шаралар кешенін ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференцбайланысы арқылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы хабарлады.

Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жалақыны индекстеу бойынша шаралар кешенін де атап өтті. 

Ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілгеннен кейін және қазір оның 60 000 теңгеге дейін көтерілуімен ең төменгі жалақыны индекстеу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ көп жағдайда жалпы экономикада  жалақыны индекстеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік болып табылады. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы күнтізбелік жыл бойынша тұтыну бағасының жылдық индексінің есептік мәні бойынша ең төменгі жалақыны жыл сайынғы индекстеу  нормасын қарастыруды ұсынады, - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, басшы мен жұмысшы арасындағы табыстың теңсіздігі - өзекті мәселелердің бірі.

Елімізде жалақы көлемінде негізсіз айырмашылық байқалады. Кейбір жағдайларда жұмыс беруші мен жұмысшының табысы 50 және одан да көп есеге ерекшеленеді. Ал бұл айырмашылықты ешбір еңбекке қатысу коэффициентімен және жауапкершілік деңгейімен түсіндіруге болмайды. Әлемдік тәжірибе тұрғысынан мұндай теңсіздіктер еңбек нарығындағы қиыншылықтарды көрсетеді, - деді ҚРКФ басшысы.

Бұл әділетсіздікті жою үшін басшы мен қатардағы жұмысшылардың жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 1 еселік және 10-нан аспайтындай етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізуді ұсынды.

ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі ең төменгі жалақыны, азық-түлік себетінің құнын және ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау жүйесіндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған.

Сатыбалды Дәулеталин бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін атап өтті және әлеуметтік әріптестерді тиісті тәсілдерді әзірлеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауға, сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялауға шақырды.

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ бірқатар елде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады, - деді ҚРКФ төрағасы. 

Сондай-ақ кәсіподақтар еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қызметкердің соңғы он екі айдағы орташа жалақысының жүз пайызы деңгейінде белгілеу арқылы қайта қарауды ұсынады.

Жәрдемақы мөлшері 15 АЕК-тен аспайтындықтан, әдетте, қызметкерлер ауырған жағдайда жалақысының бір бөлігінен айырылады. Жәрдемақы көлемі өте төмен болып қалады. Мәселен, 2022 жылы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері 45,9 мың теңге – ең төменгі жалақының 77% құрайды, - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

 Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардың еңбегіне ақы төлеудің тең жағдайын жасау тұрғысынан салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды.

2014 жылға дейін салалық келісімдермен айқындалатын салалық арттырушы коэффициенттерді бекіту Үкіметтің құзыретінде болды. Бұл ретте, қазіргі уақытта жоғарылатылған лауазымдық айлықақының немесе қосымша төлемдердің мөлшері ұжымдық шартта немесе салалық шартта анықталатын салалық коэффициенттерді ескере отырып, жұмыс берушінің актісімен анықталады. Алайда, іс жүзінде салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану жүйесіз, ал олардың есептік мәні іс жүзінде ғылыми негізделген тәсілдерге ие емес және кәсіподақтардың өз ұстанымдарын қорғау қабілетіне байланысты, - деп атап көрсетті Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясы Үкіметтің құзыретіне еңбек жағдайларын зияндылық және қауіптілік дәрежесі бойынша жіктейтін салалық арттырушы коэффициенттерді есептеу әдістемесін бекітуді енгізуді ұсынады.

Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға қатысу мәселелеріне тоқталды.

Қолданыстағы заңнамада жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға қатысу мәселелері реттелмеген. Жұмыс берушінің шешімдері көбіне олардың пікірін ескерусіз қабылданады, көбінесе жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында коммуникациялық вакуум пайда болады. Бұл жағдай екі жақтың ұстанымдарының сәйкес келмеуіне алып келеді, яғни жаппай ереуілдер мен қоғамды тұрақсыздандыру сияқты жағымсыз салдарлар орын алуы мүмкін, - деп есептейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Осыған байланысты кәсіподақтар жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға тікелей немесе заңды өкілдері арқылы қатысу құқығын заңнамалық тұрғыдан қарастыруды ұсынады.

ҚРКФ төрағасының пікірінше, жұмыс берушінің актілерін қабылдау кезінде жұмысшылармен консультациялар өткізу нормаларын енгізу және кеңесші дауыс құқығымен кәсіпорынның алқалы басқару органының отырыстарына жұмысшылар өкілдерінің қатысуы маңызды шаралар болуы тиіс. 

Ықтимал еңбек дауларының алдын алуға және еңбеккерлермен сындарлы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін еңбек мәселелері бойынша тұрақты консультациялар өткізу маңызды. Біз Еңбек кодексіне жұмыс берушілердің осындай еңбек консультацияларын ұйымдастыру және өткізу міндетін енгізуді ұсынамыз, - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өз сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бастамаларын, оның ішінде халықтың табысын арттыру Бағдарламасын әзірлеуді қолдайтынын жеткізді.

  Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов РҮК мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын бірлесе қарастыруды және  азаматтарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың тиімді механизмін әзірлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы