Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан президентінің тапсырмаларын іске асыру үшін төтенше жағдайды енгізу кезеңінде халық пен кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірқатар шара қабылдағандарын мәлімдеді.
Аталған агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов арнайы брифинг өткізіп, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 13 наурыздағы тапсырмасын орындау үшін Агенттік Басқармасы "Төтенше жағдай кезеңінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шаралары туралы" 2020 жылғы 22 наурыздағы № 17 қаулыны қабылдағанын жеткізді.
Оның айтуынша, қаулыда халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеуге бағытталған шаралар көзделген.
Атап айтқанда, төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың, онлайн-кредиттеу компанияларының:
1) жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемдерді кешіктіргені бойынша айыппұлдар мен өсімпұл есептемейтіні;
2) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кешіктіру күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам өткен кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептемейтіні белгіленген.
Сонымен бірге мемлекет басшысының 23 наурыздағы тапсырмасын іске асыру мақсатында Агенттік Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекітті. 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығында төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеу тоқтатылады. Бұл екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер берген қарыздар, - деді ол.
Ал жеке тұлғалар бойынша, яғни халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары өтініш бермей, растайтын құжаттарды ұсынбай және қосымша келісімдерге қол қоймай негізгі борыш пен пайыздар сомасын төлеу мерзімін кейінге қалдыра алады.
Карантин енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыздар, ақы төленбей еңбек демалысында жүргендер, жұмыстан шыққан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқандар, жалақысы немесе өзге кірістері төмендетілген немесе төлеу тоқтатылғандар қаржылық жай-күйінің нашарлау себептерін көрсетіп, өтініш жазуға тиіс, - деді Нұрлан Әбдірахманов.