Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.
Ауыл кәсіпкерлігі – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Ауылда бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан ауқымды шаралар қолға алынуда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, тың бастамаларды қаржыландыру, сондай-ақ «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделіп отыр.
«Елімізде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Субсидиялар, қолжетімді несие, оқыту, бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және жұмыссыздықты азайтуға бар күш салынуда. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін көбейтіп, еңбек өнімділігін арттырады, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді», - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбеков.
Ауылда бизнесті табысты жүргізудің жарқын мысалы – өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жақында Зеренді ауданындағы «Жақсылық агро» ЖШС базасында құрылған ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы. Аталған орталықты ашудағы мақсат – өңірдегі сүт өнімдерін көбейту үшін жаңа инновацияларды енгізу мен тәжірибе алмасу, Ақмола облысындағы сүт кластері қатысушыларына еуропалық деңгейде бірыңғай ветеринарлық қызмет көрсету. Сондай-ақ бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге сүт өндірісіндегі бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді. Айталық, бірыңғай жемшөп базасын құру арқылы сүт өндірісін арттыруға болады. Мұның өзі сүт өнімдерінің сапасына, бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді.
2017 жылдан бастау алған «Бастау» жобасы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталып, ақмолалықтардың бизнес бастамаларын жүзеге асыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, бизнестерін жаңғыртып, кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашты.
«Былтыр «Бастау» бойынша 2070 адам оқытылды. Бүгінгі күні 579 адам өз жобаларын іске асырды. Олардың 80% жұмыссыздар, 20% өзін-өзі жұмыспен қамтығандар құрап отыр. Мысалы, Біржан сал ауданынының тұрғыны Сұңғат Нұржасаров 240500 теңге өтеусіз грантқа ие болып, қажетті құрал сатып алды. Жас фермер кейін «Игілік» бағдарламасымен 4 млн несие алып, 14 бас ірі қара мен қажетті жемшөп сатып алды», - дейді Тимур Нахыпбеков.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Серік Шайгөзовтың айтуынша, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға респубикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп отыр. Ауыл шаруашылығы техникасы мен қажетті құралдар алу, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жылдық сыйақысы 6% несие ұсынылады.
Жастар жылына орай «Атамекен» ҰКП 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз, тұрақты кірісі жоқ жастар үшін «Жас кәсіпкер» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жоба арқылы жастардың жеке кәсіп ашу үшін білім алып, тәжірибе жинақтауға және алғашқы капитал ретінде грант алуға мүмкіндігі мол.