Қазақстанда жарты жыл ішінде "Бәйтерек" қоры кәсіпкерлерге 3,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
31 шілдедегі жағдай бойынша "Бәйтерек" қоры кәсіпкерлерге 3,5 трлн теңге (жоспардың 44%-ы) көлемінде қолдау көрсетті. Оның ішінде 1,75 трлн теңге – шағын және орта бизнеске бағытталған. Оның 657,5 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешеніне бөлінді. Ірі бизнеске 1,38 трлн теңге, ал экспорттаушыларға – 394 млрд теңге (83 компания) көлемінде қолдау көрсетілді, - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар ол субсидиядан кепілдік беру тетігіне де тоқталды.
Субсидиядан кепілдік беру тетігіне көшу аясында «Даму» қоры базасында жобалық құны 7 млрд теңгеге дейінгі ШОБ жобалары мен 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған кепілдік қорлары құрылды. Банк өтімділігін тарту үшін "Бәйтерек", Экономика министрлігі, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қатысатын жобалық офис ашылды. Синдикатталған қаржыландыруды пайдалана отырып, жалпы құны 9,1 трлн теңге болатын 19 жоба мақұлданды, - деді Серік Жұманғарин.
Айтуынша, бизнес өкілдерінің хабардарлығын арттыру мақсатында "Цифрлық бизнес картасы" жобасы іске асырылуда.
100-ден астам қолдау шарасын қамтитын тізілім бекітілді. "Бәйтерек" холдингі ұсынатын қолдау шаралары енгізілген "Bgov" ақпараттық жүйесі "eGov Business" қосымшасымен интеграцияланған. Бұл қызметті 71 мың пайдаланушы жалпы 2,3 млн рет қолданды, - деді Серік Жұманғарин.