Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын әрі қарай жалғастыру маңызды екенін айтады.
Әсіресе, шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек. Жаңа өндірістердің пайда болуына және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде қолдаған жөн, – деді Үкімет басшысы.
Ол бизнесті ашуға және жүргізуге барынша жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу қажет екенін атап өтті.
Бұл міндет тиісті министрліктер мен әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдар «Атамекен» палатасымен және сарапшылар қауымдастығымен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етуі керек. Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4 пайызға дейін біртіндеп қысқарту. Биыл 2025 жылға дейінгі жекешелендірудің кешенді жоспарының 90 пайызын орындалуын қамтамасыз ету керек, – деді Смайылов.