Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы саналатын Өңірлік кеңеске 20 кәсіпкер жоғары дауысқа ие болып, мүшелікке сайланды. Бұл туралы "Атамекен" сайты хабарлады.
Кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен төраға болып Қайрат Боранбаев сайланды. Өңірлік кеңестің жаңа құрамына белсенді, қоғамда орны бар, кәсіпкерлердің мүддесін қорғай алатын бизнес өкілдері сайланды. Енді кәсіпкерлер саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жұмысты бастап кетті. Бұған дейін жұмыс істеген кеңес мүшелері аймақтағы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бастамасымен, Үкіметтік деңгейге дейін күрішшілердің мәселесін жеткізуімен, жеке балабақшалардың құқығын қорғаудағы принципшілдігімен, сондай-ақ, Арыс тұрғындары мен облыс тұрғындарына қайырымдылық жасаудағы белсенділіктерімен ерекшеленді. Алдағы уақытта да ол азаматтармен әріптестік негізде жұмыс істейміз, – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.Індеттің салдары, төтенше жағдай мен карантин кәсіпкерлерге оңай тимеді. Біразының шаруасы құлдырады, енді біріне кәсібін тоқтата тұруға тура келді. Ес жинауға әлі де едәуір уақыт қажет. Әйтеуір, қысылтаянда мемлекеттің көмегі үлкен демеу болды. Сол демеудің арқасында жергілікті кәсіпкерлер биыл айналым қаражатына 5 млрд теңгеге жуық қаражат алыпты.
Облыс бойынша экономиканың аса зардап шеккен салаларында 11 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары қызмет атқарады. "Атамекен" ҰКП тарапынан жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде, кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлердің 31%-ы қысқартылған және 32% қызметкер жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген. Осыдан-ақ пандемияның зардабын анғаруға болады, – деді Палата басшысы.Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары қабылданып жатқандығын, 460 кәсіпкерлік субъектісінің несиелері бойынша төлемдер кейінге шегеріліп, 49 кәсіпкерлік нысаны "Шағын және орта бизнеске" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 8%, бір жылға 5 млрд теңгеге жуық несие алғандығын айтты.
Қазіргі күрделі ахуалға байланысты Президент Жолдауында аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту және оның аясын кеңейту тапсырылды. Осы мақсатқа қосымша 200 млрд теңге бөлінді. Демек, несие алған 49 кәсіпкердің несие мерзімі созылды және басқа кәсіпкерлер де несие алуға мүмкіндік алды. Өңір кәсіпкерлері осы 200 млрд теңгеден лайықты, қомақты үлесін алу қажет деп есептеймін және бұл бағытта біз түсіндірме жұмыстарын жалғастыратын боламыз, - деді Ғалымбек Жақсылықов.Палата басшысы, қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін басты проблема – қолданыстағы несиелері екендігіне де тоқталды. Ол жөнінде Жолдауда шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерге 6% мемлекеттік субсидия беру тапсырылды. Ұлттық банктің 1 тамыздағы статистикалық мәліметі бойынша, өңірде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 28,7 млрд теңге несиесі бар болып шықты.