Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратура Қазақстан азаматын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады.
Күдікті 2023 жылы Алматыда желдетуге арналған бөлшектер мен кондиционерлерді жеткіземіз деген сылтаумен кәсіпкердің 75 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырған, - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Қылмыс жасағаннан кейін алаяқ қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған.
Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Бішкек қаласында ұсталып, одан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.