Алматыда 28 251-ден астам кәсіпкер салық төлеуден босатылды

29 Қыркүйек 2020, 16:41
2176
Бөлісу:
Алматыда 28 251-ден астам кәсіпкер салық төлеуден босатылды

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов онлайн брифинг барысында айтты.

Сонымен қатар ол Әуезов ауданындағы сегіз айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен қала әкімі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

Қазіргі күрделі жағдайларда біздің негізгі міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың кірістерін сақтау. Шағын және орта бизнес пандемияның соққыларын өзіне қабылдай отырып, күрделі кезеңді басынан кешіп отыр. Ел Президентінің және қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша экономикалық зардаптарды еңсеру үшін салықтық жеңілдіктер берілді. Осылайша, ауданда 28 251 кәсіпкер салық төлеуден босатылды, оның ішінде 23 256 жеке кәсіпкер және 4 995 заңды тұлға бар, - деді аудан әкімі. 

Сонымен қатар ол жағдай әлі де күрделі екенін айта келе, бюджетке түсетін салық түсімдерінің төмендеуі байқалатынын жеткізді.

8 айда мемлекеттік бюджетке 70,2 млрд теңге түсті. Мұның өзі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4 млрд теңгеге аз. Өсу қарқыны 94,1% құрады. Шағын және орта бизнес – аудан дамуының берік негізі, бұл біздің қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады, - деді ол.

Алдын ала есеп бойынша, ауданда кіріске салынатын салықтардан үшжылдық кезеңге босату арқылы 28 251 салық төлеуші сомасы 5 млрд теңгеден астам пайдаға қол жеткізеді. 

Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметіне кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде қабылданатынын атап көрсетті. Осы тұрғыда ауданда құрамына Әуезов ауданы прокуратурасының және «Атамекен» ҰКП өкілдері енген мобильді топ құрылды. Осы топ аудан бизнесмендерінің мүдделерін қорғайтын болады, - деді Сайфеденов.

Сондай-ақ ол күн сайын мобильдік топ карантин кезеңінде санитарлық эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілерін анықтау бойынша мониторинг жүргізгенін айтты.

Карантин кезінде ауданда 1836 заң бұзушылық зерделенді. Оның ішінде 119 нысан анықталды және қызметі тоқтатылды. Маска режимін бұзған 564 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және ҚР Әкімшілік-процессуалдық кодексінің 425-бабының 1-бөліміне сәйкес хаттамалар толтырылды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы