Айдын және Анара Рахимбаевтар құны $20 млн активтерін АХҚО орталығында тіркелген IQanat Endowment Fund қорына берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның мақсатты капиталын басқарудан түскен табыс қазақстандық ауыл балаларына IQanat бағдарламасы аясында білім гранттарын беруге жұмсалады. Сондай-ақ қорды 6 млн долларға кәсіпкер Тимур Турлов толықтырды.
Эндаументке берілген активтер қатарында Рахимбаевтар отбасының қаражатына салынған IQHSB мектебінің ғимараттары (негізгі корпус, оқушылар мен мұғалімдердің жатақханалары) мен өзге материалдық қорлары, сондай-ақ биыл ашылған оқу корпусы бар. Оның құрылысын Тимур Турловтың компаниясы – Freedom Holding Corp қаржыландырды.
Эндаумент қорлар мәдени және ғылыми мекемелердің, қайырымдылық ұйымдардың жанынан жиі құрылады, бірақ әсіресе батыс университеттерінде кеңінен таралған: мысалы, мұндай қорлардың ең ірілері Гарвард ($50 млрд) және Йель ($40 млрд) университеттеріне тиесілі.
Эндаументтердің басты ерекшелігі – олар қоғамның мүддесіне жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар. Ұйым табысы қордың негізін қалағандардың арасында бөлінбейді. Одан бөлек, эндаументтің қайырымдылық көмектерден құралатын мақсатты капиталын ешкім жұмсай алмайды. Ұйымдар тек осы капиталды басқарудан түскен табысты пайдаланады.
Мақсатты капиталға тиіспеу қағидасының арқасында эндаументтер ғасырлар бойы қызмет етіп, қоғамға пайдасын тигізеді.
IQanat Endowment Fund табысы Қазақстан ауылдарындағы сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ балаларға гранттар мен шәкіртақылар беруге жұмсалады. Эндаумент мектептің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жүздеген баланың жарқын болашаққа жолын ашу арқылы әлеуметтік әділеттіліктің негізін қалайды.
Рахимбаевтар мен Турловтың алғашқы қайырымдылық көмегінен кейін бұл қор Қазақстанның ең ірі эндаументтерінің тізіміне енеді.
Сондай-ақ кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында мектептің сыйымдылығын екі есе – 500-ден 1000 балаға дейін кеңейту үшін алдағы 10 жылда Рахимбаевтар отбасы эндаументке тағы $30 млн қаржы бөлетінін айтты.
IQanat – қазақстандық 154 кәсіпкердің Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобасы. Олардың қаржылық қолдауының арқасында қазіргі таңда мектепте ауыл мектептерінің ең дарынды 400 оқушысы тегін тұрады және білім алады, ал түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.