Алматы, BAQ.KZ. Қазақстандық бизнесмен әрі Eurasian Resources Group компаниясының акционері Әділжан Ибрагимов қайтыс болды. Бұл туралы ERG компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
2021 жылдың 3 ақпанында ERG компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі ERG директорлар кеңесінің мүшесі Әділжан Ибрагимов 67 жасында өмірден өтті.
Қазақстандағы ең бай адамның бірі болған Әділжан Ибрагимов 1953 жылы 5 маусымда Өзбекстанда өмірге келген. Отбасылы, алты баласы бар, Қазақстан азаматы.
Ә. Ибрагимов 1974 жылы Мәскеу ветеринарлық академиясын «өндірістегі экономиканы ұйымдастыру және өндіріс тауарларының саудасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әділжан Ибрагимов 1989 жылдан бастап Қазақстанда өз кәсібін ашқан. Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2002 жылдан бастап «Қазхром» президенті. Кәсіпкер – «Еуразиялық үштіктің» жалғыз қазақстандық өкілі.
Ибрагимов менеджерлік саясатты енгізуде көп еңбек етті. Соның арқасында 2003 жылдан бастап компаниядағы барлық кәсіпорында бірыңғай менеджмент жүйесі енгізілді. Ол компанияның өндірістік жобаларын іске асыруда әрдайым инновациялық жаңашылдықтарға басымдық беретін, - делінген хабарламада.
2020 жылдың сәуір айында ол Елбасының халыққа көмектесу жөніндегі үндеуін қолдап, COVID-19-ға қарсы күреске Павлодар облысы мен Алматы қаласының әрқайсысына 100 млн теңге аударған.
Сондай-ақ, ERG компаниясы Республикалық Birgemiz қорына 4 млрд теңге бөлген.
Әділжан Ибрагимов Қазақстанның әлеуметтік-экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Кәсіпкердің қай жерде және неден қайтыс болғаны айтылмаған.