Соңғы уақытта бөдене өсіру нарыққа байланысты сұранысқа ие. Жамбыл облысындағы аядай ғана ауылда ауласында-ақ құс өсіруді кәсіп қылған жас бизнесмен көпке үлгі. Ерназар ауылының тұрғыны Қанжар Бердеш осы бағытта мемлекеттік грантқа қатысып, бастаған ісін кеңейтуге ниетті.
Қанжар Бердештің бұл іске қызығушылығы әлеуметтік желіге жарияланған жаңалықтан басталған. Көрші облыста бөдене асырап, оны үлкен кәсіпке айналдырған азаматтың тірлігіне қызыққан.
«Өзім де осы істі неге қолға алмасқа?» деген сауалдан соң, біраз іздене келе, толық зерттеп, үйінің маңындағы қораны арнайы құс шаруашылығына дайындаған.
Бұл шаруашылықты бастағанымды, әрине, бойымда қорқыныш болды. Екінің бірінің ауласында жоқ кәсіп десем де болады. Бұл құс өте нәзік. Тазалығын үнемі бақылап отыру қажет. Күніне екі мезгіл жемін беремін, суы үнемі қасында болуы шарт. Әр жұмыстың өз қиыншылығы болады ғой. Соған қарамастан осы істі қолға алған соң бір жетістікке жеткім келеді. Жұмысты бастағаныма небәрі екі ай болды, - дейді жас кәсіпкер.
Қазір Қанжардың сарайында 4000 бас бөдене бар. Тағы бір ерекшелігі – ол бұл нәтижеге мемлекеттің қолдауынсыз-ақ өз күшімен жетіп отыр. Енді алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа жас кәсіпкер ретінде қатысып, бағын сынап көрмек жоспарда. Қаржылай қолдау болса, бөдене басын 40-50 мыңға жеткіземін деп отыр. Өйткені, оның бұл істен нәтиже бар екеніне көзі жеткен. Бүгінгі күннің өзінде қанаттыдан күніне 1000-нан аса жұмыртқа алып, әр данасын 40-45 теңгеден сатуда.
Бөдене жұмыртқасы мың ауруға шипа. Бірі білсе, бірі білмес Жапонияда әр бала күніне таңертең екі бөдене жұмыртқасын жейді. Өйткені, ғалымдар оның сан алуан пайдасын зерттеп берген. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Дәмі тіл үйіреді, сескенудің еш қажеті жоқ. Тойымды десек те болады. Үйдегі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және Д дәрумендері екі есе көп. Жұмыртқа бөлме температурасында бір ай, ал, тоңазытқышта 60 тәулікке дейін өз қасиетін жоймайды. Нақтырақ айтсам, бөдене жұмыртқасы бас ауруына, туберкулезге, асқазан аурының бірден-бір емі болып келеді. Жұмыртқасынан бөлек етіне де сұраныс бар, - дейді.