Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты.
Қашықтан оқыту механизмдерін жетілдіру мәселесі алдағы міндеттердің бірі. Пандемия аяқталғаннан кейін университеттер, колледждер мен мектептерде қандай мөлшерде және қандай жағдайда қашықтан оқыту тетігін дамытамыз деген маңызды сұрақ болып тұр. Сондықтан бұл мәселе де талқыланып жатыр, - деп түсіндірді министр.
Оның сөзінше, қазіргі таңда мектептер кезең-кезеңімен дәстүрлі форматқа ауысып жатыр.
Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні мектептер бірте-бірте ашылып жатыр. Дегенмен ең қиын міндет - мектептерді жауып, осындай қашықтан оқытуға көшіру емес, ол керісінше енді қашықтан оқыту форматынан дәстүрлі форматқа көшіру, - деді Асхат Аймағамбетов алқа отырысында.
Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1-5 сыныптар мен халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары аралас форматқа көшірілді.
Министрліктің бұған дейінгі берген мәліметіне сәйкес қазіргі күні оқушылардың 47%-ы штаттық режимде және 53%-ы қашықтан оқыту форматында білім алып жатыр.
Оқи отырыңыз: