Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де жоғары білім сапасын арттыру бойынша өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова университеттердегі қашықтан оқыту кезінде туындаған мәселелер туралы айтып берді.
Қазір бәрі қашықтан оқытып жатыр. Бірінші курс студенттер және лабораториялық сабақтардан басқа сабақтар қашықтан жүргізілуде. Тексеріске сәйкес қашықтан оқыту кезінде де сабақтар өтпейтіні анықталды. Кейбір ЖОО өзінің академиялық саясатын мүлдем дұрыс жүргізбейді. Студенттер сабаққа қатыспай-ақ, емтихан тапсырып, баға алады. Нәтижесінде қандай маман шығады? - дейді ол.
Көбенова атап өткендей, студенттерді ЖОО-ларға ҰБТ нәтижесі бойынша берілген сертификат арқылы қабылдайды.
ҰБТ сертификатын алған түлектер ЖОО-ға түсіп оқуын жалғастырады. Өкінішке орай, түлектерді сертификатсыз (ред. - ҰБТ сертификатынсыз) қабылдаған ЖОО-лар да бар. Сондықтан осындай кемшіліктер болса, әкімшілік кодексте белгіленген бапқа сәйкес тиісті шаралар қабылданады, - деп түсіндірді ол онлайн брифингте.
Бұл жерде министрліктен бөлек, сот та тиісті шешімдерді шығарады. Осындан кейін ЖОО-ның жұмыс жасау-жасамауы нақты белгілі болады.
ЖОО-лардың мақсаты – академиялық дербестікті дұрыс пайдалану. Сондай-ақ, бұзушылықтар жібермей, сапалы білім беруді қамтамасыз ету, - деп айтты Гүлзат Көбенова.