Қашаған кен орнының операторы толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлейді

5 Наурыз 2021, 10:46
1964
Бөлісу:
Қашаған кен орнының операторы толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев кеңейтілген алқа отырысында Қашаған кен орнының операторымен бірлесіп, толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлеуге дайындық жүргізіліп жатқаны туралы айтты. 

Біз оператормен бірлесіп, осы жылдың соңына қарай одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауымыз керек. Қазіргі кезеңде тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінің барлық нысаны пайдалануға берілді. Олардың өндірістік қуаты күніне 400 мың баррельді құрап отыр. Дегенмен министрлік 2020 жылдың мамыр айынан бастап енгізген шектеулерге байланысты орташа тәуліктік өндіру 280 мың баррель деңгейінде тұр, - деп атап өтті энергетика министрі.

Министрлік басшысының сөзінше, осы жылы Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны 860 млн АҚШ доллары, қуаты 1,1 млрд м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланғанына тоқталды.

Осы жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қосымша 800 млн м3 тауарлық газ өндіру және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ мұнай өндіру көлемін 10 млн тоннаға дейін ұлғайту, - деп айтты Ноғаев.

Министр атап өткендей, Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын «Келешекте кеңейту» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаны 2023 жылы аяқтау күтіліп отыр. Бұл өндірісті жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту көлемі 36%.

Бүгінгі күні жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша жұмыстардың жалпы прогресі 81%-ды құрап отыр. 2021 жылы жұмыстар прогресінің күтілетін деңгейі 90%-ды құрайтын болады, - деп айтты министр.

Қарашығанақ жобасына қатысты газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау және газды кері айдаудың 4-компрессоры жобасы сияқты инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Аталған жобаларды іске қосу Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБТК) мерзімінің соңына дейін қосымша 18,5 млн тонна сұйық көмірсутегін өндіруге мүмкіндік береді, жиынтық инвестиция сомасы 1 млрд 678 млн АҚШ доллары құрайды.

2020 жылғы желтоқсан айында Қарашығанақ кен орнын кеңейту - 1-кезең (ҚКЖ-1) ірі инвестициялық жобасын іске асыру бойынша Түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл газды кері айдаудың 5-компрессорын іске қосуды ескере отырып, сұйық көмірсутегін өндіруді жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстауға бағытталады, - деді ол алқа отырысында.

Министрдің сөзінше, жобаның бюджеті 970 млн АҚШ долларын құрайды және 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы