Қаржы министрлігі нақтыланған бюджет жобасын ұсынды

1 Қазан 2019, 10:01
2217
Бөлісу:
Қаржы министрлігі нақтыланған бюджет жобасын ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов Үкімет отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.

«Нақтылауда осы жылдың сәуірінде түзетілген 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштері сақталған. Жобада осы жылдың бюджетін атқару аясында Үкімет алдына қойылған бірқатар міндетті шешу көзделген. Бірінші міндет – әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу. Бұл мақсатқа 84,8 млрд теңге көзделген. Оның ішінде 36,9 млрд теңге – алушылар контингентінің ұлғаюына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеуге, 23,3 млрд теңге –медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарын жалғастыруға, 2,7 млрд теңге мәдениет пен спортты дамытуға бөлінеді», - деді ол.

Шолпанқұлов екінші міндет деп экономиканың өсу қарқынын арттыруға бағытталатын қосымша қаржы көздерін қарастыру екенін айтты.

«Осы міндет аясында нақтыланған бюджет жобасында 136,8 млрд теңге көзделген. Оның ішінде 36,7 млрд теңге – жолаушылар вагондары паркін, санитарлық-техникалық жаңартуды және машина жасау саласы жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібін қолдауға, 21,1 млрд теңге – авиапаркті дамытуға және мамандандырылған әуе кемелерімен толықтыруға, 17,1 млрд теңге – салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру және салымдар бойынша сыйақылар төлеуге, 8 млрд теңге – Павлодар және Ақтөбе облыстарын қажетті суармалы жерлерінің гидромелоративтік жүйелерін жаңғыртуға, 7,2 млрд теңге Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі ілкі жобаны іске асыруға бөлініп отыр», - деді ол.

Үшінші міндет – төртінші тоқсанда шұғыл міндеттерге арналған Үкімет резервінің қолайы резервін қамтамасыз ету.

«Көрсетілген міндеттерді қаржылық қамтамасыз ету шығыстарды қайта бөлу және 94,9 млрд теңге мөлшерінде осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша бюджет түсімдерін түзету жолымен жүзеге асыру ұсынылады. Осы өзгерістерді ескере отырып, 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері былай қалыптасты: түсімдер – 10 трлн 663,5 млрд теңге, шығыстар – 12 трлн 28,1 млрд теңге, тапшылық – 1 трлн 364,6 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге – 2,1%», - деп сөзін түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы