Қаржы министрі бюджет ақшасын игере алмай отырған министрлер мен әкімдерді атады

11 Наурыз 2021, 09:56
3361
Бөлісу:
Қаржы министрі бюджет ақшасын игере алмай отырған министрлер мен әкімдерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игере алмай отырған министрліктер мен өңірлерді атады.

Оның сөзінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94,5%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 2 трлн 510 млрд теңгеге шығыстар жүргізілді. 25 млрд теңге атқарылмады, оның ішінде 13 млрд теңге үнемделді. Оның игерілмегені 12 млрд теңгені құрады, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет отырысында Қаржы министрі қай мемлекеттік органдар қаражатты игере алмай отырғанына тоқталды. 

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары орталық мемлекеттік органдарда, атап айтсақ, Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Денсаулық сақтау, Әдiлет және  Мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді ұзақ уақыт өткізу және уақтылы өткізбеу, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну, - деп түсіндірді ол.

Министр тоқталып өткендей, жергілікті бюджеттердің шығыстары 853 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге. 

Осы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 211 млрд теңге бөлінген. Оның 95,1%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 10 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 9 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қалыптасты, - деп атап өтті Қаржы министрі.

Ол барлық мемлекеттік органға бюджет қаражатын тиімді әрі дер кезінде игеру мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы