Қарулы Күштердің ардагерлері панфиловшыларды еске алды

18 Қараша 2021, 21:40
1216
Бөлісу:
Қарулы Күштердің ардагерлері панфиловшыларды еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың «Жерұйық» саябағында 1941 жылдың күзінде Мәскеуді қорғаған еліміздің батыр ұлдарының ерлігіне 80 жыл толу құрметіне орай гүл шоқтары қойылды.

1941 жылдың қараша айында Мәскеуді фашист әскерлерінен қорғауда Дубосеково разъезіндегі ұрыста генерал Панфилов дивизиясының 28 жауынгері ерлік жасап, немістің жиырмаға жуық танкін жойып, шабуылын тоқтатты.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгер-панфиловшылардың ерлігі аңыз болды. Жаудың саны мен техникасының басымдығы да, оның қысымы да генерал-майор Иван Панфилов басшылық еткен 316-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің рухын жанши алмады. Дивизия Қазақстанда, Алматы қаласында, Қазақ және Қырғыз КСР азаматтарынан жасақталды.

Іс-шараға «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, «Парыз» басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» ҚБ төрағасы запастағы полковник Ербол Смағұлов, астаналық десанттық-шабуыл бригадасының және Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, қала әкімдігінің өкілдері қатысты.

Дәл осы күні Алматы қаласында да еске алу шаралары өтті. Салтанатты гүл шоқтарын қою рәсіміне генерал Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова қатысты.

Панфилов дивизиясы қазан-қараша айларында күнде нағыз ерлік көрсетті. Дәл осы дивизия батырлықтың үлгісі бола білді, - деп атап өтті ол.

Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округі басшысының, сондай-ақ «Біз миллиондаған Панфиловшылармыз» атты Панфилов қозғалысы қатысушыларының онлайн құттықтаулары тыңдалды.

Ұлы Отан соғысы тарихындағы алғашқы жеңісті кезең болған шайқас ұрпақ үшін батырлық пен қайсарлықтың үлгісі болып, Қазақстан армиясы әскери қызметшілерінің есінде мәңгі сақталады. Қарулы Күштерде жауынгер-панфиловшылар ерлігінің 80 жылдығына орай деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылып, дәрістер мен викториналар өткізілді.


Өзгелердің жаңалығы