Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысындағы Іле Алатауы тауларында Қорғаныс министрлігінің Тау даярлығы орталығының базасында «Әскери альпиниада-2021» өтуде. Бас штаб бастығының кубогын жеңіп алу үшін арнайы мақсаттағы бөлімшелердің кіл мықты әскери альпинистері жарысатын болады.
Спортшылар сегіз арнайы тапсырманы орындайды. Олардың ішінде Нұрсұлтан шыңына шығу, өзен арқылы аспалы арқанмен өту және жапсарласа өту, зардап шеккен адамды тасымалдау, арнайы құралдарды пайдалана отырып, жартасты жерлерден өту де бар. Сол секілді, қатысушылар табиғи жартасқа жеке өрмелеу машығын көрсетіп, ойлы-қырлы жерлерге марш жасайды.
Тау даярлығы – арнайы бөлімшелерді таудағы іс-қимылдарға арнайы даярлаудың негізгі бағыттарының бірі. Жарыстарды өткізу кезінде әскери қызметшілердің даярлық деңгейі, олардың теориялық білімі мен тәжірибедегі дағдылары, жеке және топ құрамында жұмыс істей білуі бағаланады.
Жарыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Әскери Альпиниада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 12 желтоқсанда өтеді.