Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов аппараттық кеңес барысында Қарулы Күштерде Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Қорғаныс министрі әскерге қатысты аспектілерге назар аудара отырып, Жолдаудың негізгі ережелерін жеткізді.
Қорғаныс қабілетін нығайту, қауіп-қатерлерге жедел ден қоюды арттыру аясында, 3 қыркүйектен бастап-ақ Қарулы Күштерде әскерлерді қауырт тексеру жүргізілуде. Әскери құралымдар мен бөлімдер жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау үшін тұрақты орналасқан пункттерінен елдің басқа өңірлеріне жіберіледі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы орын алуы мүмкін қауіптер мен қатерлерге сәйкес әскерлердің іс жүзіндегі әрекетін толық деңгейде тексеруді тапсырды.
Өткен демалыс күндері Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасына барған қорғаныс ведомствосының басшысы қаза тапқандардың отбасыларына және барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруды тапсырды.
Мұрат Бектанов оқиға салдарын жоюға қажетті күштер мен құралдарды тартуды жүктеді. Белгіленген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, барлық жұмыстар барынша қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс.
Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы қазіргі уақытта оқ-дәрілер қоймаларын тексеруге қатысты жүргізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Қорғаныс министрі комиссияға инспекциялау нәтижелері туралы тез арада ақпарат беруді және оқ-дәрілерді сақтау объектілері мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдауға бастама танытуды тапсырды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы жеке құрамға бейнеконференцбайланыс режимінде шықты. Бұрынғы Қорғаныс министрі нағыз офицер ретінде барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға бергенін атап өтті.
Сонымен қатар ол жалпыәскери жарғыларда әрбір лауазымды тұлғаның міндеттері көзделгенін еске салды. Бұл ретте барлық әскери қызметші тапсырылған жұмысқа заңды әрі моральды тұрғыда жауапты болуы тиіс.
Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов лауазымды тұлғалардың құзыретіне назар аударды. Ол үшін жауапты және басшы лауазымдарға қажетті тәжірибесі бар және мұқият конкурстық іріктеуден өткен адамдар тағайындалуы тиіс.
Қорғаныс министрі Қарулы Күштерде негізінен кәсіби дайындалған әскери қызметшілер, өз елінің патриоттары қызмет атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар кез келген қателік немесе жаңсақтық ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін.
Әскери қызметшілер қару-жарақпен, жауынгерлік техникамен, оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен ұдайы жұмыс істейді. Әскери қызмет әрқашан қауіп пен қатерге толы. Сонда да әрбіріміз қателік жасауға құқымыз жоқ. Міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, оның сұрауы да қатаң болады, – деді Қорғаныс министрі.