Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы азық-түлік бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Картоптың бағасы – 130 теңге, ал сиыр еті бізде посткеңес елдерінде, тіпті, әлемде ең арзаны. Өзіңіз ойлаңызшы, мал өсіру қиын. Ешкім мал шаруашылығымен айналысқысы келмейді. Өйткені бұл – ауыр еңбек, адам жыл бойы демалмайды, таңғы сағат бестен тұрып, мал бағады. Оның жем-шөбі бар. Демалыс күндері де бітпейтін жұмыс. Ет алу үшін үш жыл өтуі керек. Ал сіздің ойыңызша, ол қанша теңге болуы тиіс?, - деп жауап берді Серік Жұманғарин Үкіметтің кулуарында.
Айтуынша, қазақстандық ет – үлкен сұранысқа ие.
Қазақ еті үлкен сұранысқа ие. Сол үшін біз ет экспортын жаппаймыз, бірден айтайын, - деп толықтырды министр.
Бұған дейін Қазақстанда азық-түлік емес тауарлар бағасы қымбаттаған еді.