Соңғы күндері дүкен сөрелерінде картоп бағасы күрт өсіп кетті. Бағаның бірден шарықтап кеткені халықты алаңдатып отыр. Мысалы, Астанада бір келі картоп бағасы 400 теңгеден жоғары. BAQ.KZ тілшісі қазақстандық картоп өндірушілерден қымбатшылыққа не себеп болып отырғанын сұрап көрді.
Бүгінде Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізіп жатыр.
"Бағаның неге өскенін трейдерлер мен дүкендердің жұмысынан іздеу керек"
Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Байжан Уалхановтың айтуынша, бүгінде елімізде отандық картопты экспортқы шығаруға шектеу қойылған.
Картопты экспортқа шығаруға шектеу қойылды. Шектеуді Қазақстандағы барлық картоп өндірушісіне қойды. Бірақ оны дұрыс не бұрыс деп нақты айта алмаймын. Өйткені Үкіметті де түсінуге болады. Баға өсіп бара жатыр. Бұл жерде картоп өндірушілерінің кінәсі жоқ. Өндірушілер мемлекеттік органдармен жасаған келісімшартына сәйкес, яғни қандай бағамен, қандай көлеммен келісті, соны беріп жатыр, - деп айтты сарапшы.
Оның ойынша, мұндай шектеу картоп өндірушілерге зиянын тигізуі мүмкін.
Экспортқа шектеу ішкі нарыққа пайдасын әкелетін шығар. Мысалы, бағаның төмен болуына қолайлы болуы мүмкін. Дегенмен картоп өндірушілерінің арасында мемлекеттік органдармен жасаған келісімшартты дұрыс орындап отырғандар бар. Олар шектеудің салдарынан зардап шегіп қалуы мүмкін, - деп түсіндірді Байжан Уалханов.
Сарапшының ойынша, міндетін дұрыс орындап отырған картоп өндірушілеріне өнімдерін экспортқа шығаруға шектеу қою дұрыс емес.
Негізгі баға өсіп бара жатыр. Шындығына келгенде, картоп өндірушілері картопты дүкендерге тікелей сатпайды. Арада трейдерлер бар. Олар картоп өндірушілерден сатып алып, дүкендерге өткізеді. Ал дүкендер трейдерлердің әкелген бағасына өз бағасын қосып сатады. Бағаның өсу себебін трейдерлер мен дүкендердің жұмысынан іздеу керек, - деп есептейді ол.
"Картоп көктемге дейін жетеді"
Біздің мәліметіміз бойынша, картоп көктемге дейін жетеді. Бірақ қазір картоп біздің қоймаларымызда емес, трейдерлердің қоймаларында. Олар көтерме бағамен жалпы көлемнің біраз бөлігін сатып алып қойған. Тағы да айта кететін бір себеп – картоп дүкен сөрелеріндегідей ірі және әдемі болып өспейді. Картоптың 40%-ы ірі болса, ал 60%-ы ұсақ болып өседі. Бұл ұсақ картоп. Олар қоймаларда бар. Бүгінде ұсақ картоптар келісіне 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Трейдерлер ірі картоп пен ұсақ картопты арзан бағамен сатып алып, екеуін араластырып, ірі картоптың бағасымен қойып отыруы да мүмкін деп ойлаймын. Картоп қымбаттағаннан халқымыз басқа тамақты қойып, жаппай картопқа көшіп кеткен жоқ. Бұрын қандай көлемде алса, қазір де сол көлемде алып отыр. Егер бағасы өсіп кетсе, онда халық 1-2 апта алмай қойса, баға түсіп, тұрақталады. Ол бидай емес, астық емес. Ол биыл сатылатын зат. Сатылмаса, бүлініп, қоқысқа кететін нәрсе, - деп айтты Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Байжан Уалханов.
Ол мемлекеттік органдар дүкендер мен бөлшек сауда желісімен тығыз жұмыс істеуі керек деп есептейді.
Күзде Ресей өзінің экспортын жауып тастады. Бұл өңірде жалғыз өндіруші Қазақстан қалды. Ресейде бүгінде баға Қазақстаннан төмен. Өзбекстаннан сұраныс көп деп айта алмаймын. Олар жыл сайын алатын көлемін алып отыр. Қазіргі таңда бағамыз өскендіктен өзбектер бізден алмай, Иран, Пәкістанға бет бұрып отыр, - деді сарапшы.
Бұған дейін АШМ-да картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.
Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.
Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі.
"Нарықтағы сұранысты пайдалануы мүмкін"
"Агро фирма Азамат" ЖШС директоры Игорь Кондрат Қарағанды облысын картоппен қамтамасыз етеді.
Ол картоп бағасының күрт өскенінің негізгі себептерін атады.
Жаңа жылдан кейін 1-2 апта бойы барлық қойма жұмыс істеген жоқ. Өйткені жаңа жылдың алдында әдеттегідей дүрбелең болады. Сол себепті жұмысшылар жылдың басында 1-2 апта демалып, қоймалар істемейді. Тауар жоқ, бірақ нарықта сұраныс болғандықтан сатып алушылар осыны пайдалануы мүмкін. Сатып алушылар осыны пайдаланып, бағаны көтеруі мүмкін, - дейді сарапшы.
Игорь Кондрат Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы мәміле жасасқан. Қазір ол Қарағандыдағы барлық дүкенге картоптың бір келісін 105 теңгеге сатады.
Картоптың сапасы жақсы, ірі. Қазір картопты әлеуметтік маңызы бар тауар деп әлеуметтік дүкендерге алып, оны басқа дүкендерде тауар ретінде сатып жатқандар да бар көрінеді. Бұл мәселені әкімдік шешіп жатыр. Сонымен бірге кейбір сауда желілері әлеуметтік картопты қымбат бағада сатып жатыр. Оған байланысты менде қаңтарға сауда мен тапсырыстар күрт өсіп кетті. Қазір аптасына 80 тоннаға дейін жетті. Бірақ бұған дейін аптасына небәрі 30 тонна жеткізетінмін. Яғни айына дүкен желілеріне 120 тонна картоп жеткізуім керек, бірақ қазір 320 тонна болып отыр. Бірақ ештеңеге шектеу қойып отырған жоқпын. Осы көлемді 105 теңгеге жеткізіп отырмын, - деп айтты ол.
АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қорлар 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша қорлар сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асады Мысалы, картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам.
Бұған дейін Түркістанда картоп экспортына байланысты шекара бекеттерінде бақылау күшейгені туралы жазған болатынбыз.