Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қарлы боранда жолда қалған адамдарды құтқарды, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Барлығы 26 адам құтқарылды.
Көмек туралы алғашқы шақырту Мақаншы-Үржар тас жолынан түскен екен. Онда Тоyota Highlander көлігі жолдан шығып кетіпті. Құтқарушылар көлікті алып шыққан соң, жүргізуші мен екі жолаушы Мақаншы ауылына қарай жол тартты.
Келесі қоңырау Мақаншы-Благодарное автожолында қалып қойған 4 жолаушыдан түсті.
Тарбағатай ауданының Ақжар-Шілікті автожолында да екі автокөлік қар құрсауында қалған екен.
Оларға көмекке келген Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 4 жолаушыны қыстаққа жеткізді.
Омбы-Майқапшағай тас жолында 6 автокөлік қалып қойған екен. Оның ішінде «Газель» және КамАЗ көліктері де бар. Құтқарушылар арнайы техникамен келіп, көліктерді қар алып қалған жолдан шығарды. Сондай-ақ, 15 жолаушы Зайсан қаласына жеткізілді.