ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұқбатында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Кәрім Мәсімов жазасын қайда өтеп жатыр? Ол емін-еркін бір іс-шарада жүр деген ақпарат бар. Бұл мәлімет рас па? Ол қайда, жазасын қалай өтеп жатыр? Неге видео, фото жоқ? – деп БАҚ өкілдері министрге сұрақ қойды.
ІІМ басшысы Ержан Саденов Кәрім Мәсімов түрмеде екенін айтты.
Ол сотталған. Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Неге көрсетуіміз керек? Колонияға кірудің өз рәсімі бар. Адам құқығына қатысты бюро бар, - деді министр.
2023 жылғы 23 сәуірде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған болатын.
Ол "мемлекетке опасыздық жасағаны" (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), "билікті күшпен басып алғаны" (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және "билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны" (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) үшін кінәлі деп танылды.
Ал оның орынбасарлары А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин - 15 жылға, М.Осипов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылады.