Кардиоқызмет: 30-дан астам инновациялық технология енгізілді

4 Шілде 2024, 16:07
182
Бөлісу:
Кардиоқызмет: 30-дан астам инновациялық технология енгізілді
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Ертіс өңірінде жүрек ауруларын емдеу бойынша 30-дан астам инновациялық технология енгізілді. Бүгінде облыстың кардиологиялық қызметі еліміз бойынша көшбасшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық кардиология орталығының жүрек дәрігері Айгерім Рахимованың айтуынша, Қазақстанда енгізілген озық технологиялардың бірқатары алғаш рет Павлодарда енгізілген.

Кардиохирургиялық орталықта жүректің имешиялық ауруы, жүре пайда болған және туа біткен дерттерге шалдыққан, жүрек ырғағының бұзылуы, созылмалы жүрек аурулары бар науқастарға медициналық қызмет көрсетіледі. Бір күнде жүздеген адам келіп, дәрігерлердің кеңесін алады. Сонымен қатар клиникалық-диагностикалық зерттеулерден өту мүмкіндігіне ие. Орталық ашылғалы, яғни, 11 жыл ішінде 52 мыңнан астам науқас емделді. Ал 21 мыңнан астам азамат оперативті ем қабылдады, - дейді Айгерім Рахимова.

Кей қызметтер тек павлодарлық емдеу мекемесінің қабырғасында көрсетіледі. Мәселен, «Өкпе артериясының тромбоэмболиясы» диагнозы қойылған пациенттер ашық әдісті қолдану арқылы өкпе артериясының тромбоэкстрациясы дертінен сауығып шығады. Бұған дейін бұл ауруға шалдыққан адамдардың 70%-ы көз жұмған. Соңғы 5 жылда осындай 40-тан астам операция оң нәтиже берді.

Айта кетейік, жыл басынан бері 2600-дан астам науқас емделіп шықса, 600-ге жуық азаматтың жүрегіне ашық әдіспен ота жасалды. Ал өткен жылы жүрегі сыр берген 6000-нан астам азамат сапалы медициналық қызмет алды.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жүрек аурулары жасарып келеді. Бірнеше жыл бұрын емделуге 50 жастан асқандар келіп жүрсе, қазір ауруға шалдыққандардың ішінде 25 жастағы тұрғындар да бар.

Өзгелердің жаңалығы