Карантин талаптарын бұзғандарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды

28 Желтоқсан 2020, 14:54
2050
Бөлісу:
Карантин талаптарын бұзғандарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты. 

Коронавирус дерті бүкіл әлемде әлі де қолайсыз болып отыр. Әлемнің 218 елінде 81 млн КВИ жағдайы тіркелген, оның ішінде 1 млн 700 адам қайтыс болды, бұл 2,2%-ды құрайды. Қазақстанда бүгінгі күні Сovid-19 оң нәтижесімен 152 460 науқас және КВИ теріс жағдайымен 45 442 адам тіркелген. Біздің елде де тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай сақталып отырғанын ерекше атап өткім келеді. 28 желтоқсанда республика төмен тәуекел аймағынан орташа тәуекел аймағына, яғни «жасылдан» «сары» аймаққа көшті. Жоғары қауіпті аймақта немесе «қызыл аймақта» Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары қалып отыр. «Сары» аймақта немесе орташа қауіпті аймақта үш өңір бар - СҚО, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, - деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде аурудан жазылып шыққандар көрсеткіші 87%-ға дейін өсті, маусым-шілде айларында бұл көрсеткіш 60%-дан аспаған еді.

Шоранов брифинг барысында карантин талаптарын сақтауға байланысты 17 тамыздан бастап 60 375 рейд жүргізілгенін, соның аясында 267 866 нысан қамтылғанын, оның ішінде 20 504 нысан бұзушылықпен анықталып, 19 406 әкімшілік айыппұл салынғанын жеткізді.

Санитарлық талаптарды бұзушылардың басым бөлігі Түркістан облысында - 3603, Алматы облысында - 3235, Қостанай облысында - 1826, Шығыс Қазақстан облысында-1716, Алматыда - 1708 және Нұр-Сұлтанда-1471 анықталды. Нысандарда негізінен карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған объектілердің жұмыс істеуі, шектеу режимін сақтамау, бұқаралық іс-шаралар өткізу сияқты бұзушылықтар тіркелді. Эпидемияға қарсы шаралар, шектеу іс-шараларын сақтау бойынша талаптар бөлігінде анықталған заңнаманы бұзғаны үшін, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 425-бабы бойынша көрсетілген кезеңде 1,1 миллиард теңгеден астам сомаға 11 285 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға 296,3 миллион теңге сомасына 6912 әкімшілік айыппұл салынды, олардың басым бөлігі қоғамдық орындарда, көліктерде маска режимін бұзған, - деді Шоранов.

Оның айтуынша, бірнеше рет әкімшілік айыппұлдарға қарамастан, кейбір нысандар шектеу және карантин режимінің талаптарын елемей отыр.

Бүгінгі таңда «қасақана бұзушылар» қатарында 254 нысан бар, оның ішінде Нұр-Сұлтанда шектеу және карантин режимін жүйелі түрде бұзатын объектілер саны - 56, Шымкентте - 47, Қостанай облысында - 25. Мұндай нысандар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары әкімшілік материалдарды қызметті тоқтата тұру туралы мәселені шешу үшін сотқа береді, - деді ол.

Вице-министр 1 қарашадан бастап 132 объектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін, оның ішінде 128-де бұзушылықтар анықталғанын, 329 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғанын, 31 материал сотқа берілгенін, сот шешімімен алты нысанның қызметі тоқтатылғанын, жетеуі әкімшілік айыппұлға тартылғанын айтты.



Өзгелердің жаңалығы