Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы карантинге жабылуына байланысты қала сыртынан келетін мамандар жұмысқа келе алмай отыр. Сондықтан кәсіпорынның өнім шығару жағы тоқтап тұр. Бұл туралы "Күн Нұры" ЖШС-нің директоры Дулат Шарифханов тілдесу барысында айтты.
Аталған кәсіпорын бұқтырылған түйе етінен консерві шығарады, яғни тұтынуға дайын ет және ет араласқан жарма консервілерін шығарады.Директордың айтуынша, қала карантинге жабылғалы сырттан келіп жұмыс істейтін жұмысшылар қалаға кіре алмай қалған.
Біздің шағын цехымызда 12 маман жұмыс істейді. Алматы карантинге жабылуына байланысты қала сыртынан келетін мамандар жұмысқа келе алмай отыр. Бұл жұмысшылардың тең жартысы. Сондықтан кәсіпорынның өнім өндіру жағы тоқтап тұр. Әкімдікке бұл жұмысшыларға қалаға кіріп тұруға рұқсат берсе деген өтінішпен шығып көрдік, бірақ карантинге байланысты оны мақұлдамады, - дейді ол.
Бұл мамандарсыз өндіріс орнын іске қосу қиын көрінеді, әр жұмысшының атқаратын өз міндеті бар.
Ол мамандарсыз біз жұмыс істей алмаймыз. Әр қайсысының өз міндеттері бар, біреуі етті турап отырса, тағы бірі аппаратта оларды қаптамаларға салып отырады. Бұл жұмысты екінің бірі істей алмайды, ол мамандар арнайы үйретілген. Мәселен, тағамның рецептін қарайтын адам бар, оны басқалар жасай алмайды, - дейді Д. Шарифханов.
Дегенмен қоймада бұған дейін әзірлеген өнімдер бар екен, қазір соларды сатып жатыр. Бір сөзбен айтқанда қаланы дайын өніммен қамтуды тоқтатпаған.
Карантинге байланысты ешкімге кінә артқымыз келмейді. Қазір шығындарды есептейтін кез емес. Мұның барлығы текке жасалып отырған жоқ, бәрі адамдардың бас амандығы үшін жасалуда. Ол жағынан мемлекеттің бастамаларын қолдаймыз, - дейді директор.
Сондай-ақ ,ол кәсіпорында жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың барлығы еліміздегі санитарлық-эпидемиялық нормаларды толықтай сақтап отырғанын айтты.
Карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат алғанбыз және әрдайым тексеріп отырады. Жұмысшылардың қорғаныс құралдары бар. Кіре берісте залалсыздандыру жұмыстары жасалып жатыр. Мамандарға маска, қолғап беріледі. Ғимараттың ішін де белгілі уақыт сайын залалсыздандырып тұрамыз, мұның бәрі бекітілген талаптарға сай жасалып жатыр, - дейді ол.
Бір жыл бұрын ашылған бұл кәсіпорын ғылыми негізінделген рецептілер мен жаңа технологияны қолдана отырып түйе етінен ет және ет-өсімдік консервілерін, оның ішінде түйе еті ботқасы, түйе еті қосылған қарақұмық ботқасы, түйе еті қосылған күріш ботқасы, түйе еті қосылған арпа ботқасын өндіреді. Цех жылына 600 мың дана консерві өнім шығаруға қауқарлы.
Біз Қазақстанда түйе етінен бұқтырылған консерві дайындайтын жалғыз кәсіпорынбыз. Технологиямыздың бәрі жаңа, тағамдар инновациялық қаптамаға салынады. Яғни консерві дайындағанда қалбыр қаптаманы пайдаланбаймыз, реторт пакеттер мен ламистерлік банканы қолданамыз. Бұның артықшылығы мол, өйткені ол тағамдардың дәмін көпке дейін сақтайды. Консервілердің сақтау мерзімі 2 жыл. Ал рецептіні дайындау тұрғысында айтар болсам, ол Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарымен әзірленген. Яғни бұл 100 пайыз таза табиғи өнім. Өз бағасын төмендету үшін қосымша қоспалар қосылмайды. Сондықтан біздің өнім деликатес өнімдер қатарына жатады. Түйе етінің де пайдасы мол. Оның құрамында көптеген дәрумендер бар, көбінде диабетпен ауыратаныдар үшін пайдалы, - дейді кәсіпорын директоры.