Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы санитариялық блокпосттар жұмысының жаңа алгоритмі 13 мамырдан бастап күшіне енді.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.Алгоритмге сәйкес, қала аумағына шығуға/кіруге тыйым салуды қамтамасыз ете отырып, блокпостарда санитариялық-карантиндік бақылау жалғасуда, мыналарды қоспағанда:
- халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;
- ТЖ режимі алынып тасталғаннан кейін өз жұмысын қайта бастаған ұйым қызметкерлері;
- карантин аймағына, одан тыс жерлердегі саяжай учаскелеріне (қала сыртындағы үйлерге) бара жатқан тұлғалар;
- медициналық көрсеткіштер бойынша шығатын және келетін адамдар;
- көктемгі егіс жұмыстарына жіберілген тұлғалар;
- Ақмола облысының Целиноград, Аршалы, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары;
- ҚР басқа өңірлерінде тіркелген карантин аймақтарынан шығатын адамдар санитариялық блокпосттарда қажетті құжаттарды толтырғаннан кейін;
- патрульдік полицияның еріп жүруінсіз жерлеу мақсатында карантин аймағын кесіп өтетін азаматтар;
- шет мемлекеттердің азаматтары;
- карантин аймағына немесе карантин аймағынан өздерінің кәмелетке толмаған балаларына бара жатқан тұлғалар;
- карантин аймағына немесе карантин аймағынан сырқат туыстарына күтім жасау мақсатында бара жатқан тұлғалар;
- әуе рейсімен бара жатқан тұлғалар;
- қалпына келтіру жұмыстары және су тасқынына қарсы іс-шараларға көмек көрсету үшін Түркістан облысына жіберілетін тұлғалар;
- азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың жүк көліктері;
- транзит.
Сонымен қатар, бекітілген құжатта карантин аймағын кесіп өту бойынша барлық түпкілікті шешімді жауапты қызметкерлер блокпостарда қабылдайтыны айтылған.
Нұр-Сұлтан қаласының карантин аймағын кесіп өтетін әрбір тұлға "БЛОКПОСТ" ақпараттық деректер базасында міндетті түрде есепке алынуы тиіс, - делінген хабарламада.