Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Диалог» жанжалдарды шешу орталығының қызметкерлері Қарағандының белсенді тұрғындарымен бірлесіп, Бұқпа өзенінде сенбілік өткізді. Арнаны пластиктен, автомобиль шиналарынан және басқа да қоқыстардан тазарту үшін 50 адам шықты. Олар шамамен жүзге жуық қап қоқыс жинаған.
Біздің орталыққа қала белсенділері жүгінді. Олар өзенді тазартқысы келетінін, алайда қоқыс шығаруды қалай ұйымдастыру керектігін, қосымша жабдықты қайдан алуға болатынын білмейтіндерін айтты. Сонымен қатар сенбілікке барлық ниет білдірушілерді тарту үшін ақпараттық қолдау қажет болды. Осы мәселемен әкімдікке жүгіндік. Бізге Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин көмектесті. Біздің қызметкерлер де осы игі іске қуана қатысты, – дейді «Диалог» орталығының қызметкерлері.
Сенбілікке қатысушылар өзеннің жағдайына таң қалғанын мойындайды. Тұрмыстық және құрылыс қоқыстары, тамақ қалдықтары, пластмасса, автомобиль шиналары, жиһаз сынықтары – бұл жерде не жоқ дейсіз.
Жүзге жуық қап қоқыс жиналды. Өкінішке қарай, адамдар аз болды. Әйтпесе одан да көбірек қоқыс жиналар еді. Осындай акцияларды әрі қарай да өткізуге ниеттіміз. Келесі сенбіліктің уақыты мен күнін баяндайтын әлеуметтік желімізді қадағалаңыздар, – дейді сенбілікті ұйымдастырушылар.