Қарағандыда жаңа магистральдық су құбыры іске қосылады

3 Шілде 2021, 06:16
2447
Бөлісу:
Қарағандыда жаңа магистральдық су құбыры іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Солнечная көшесінен «Западная» сорғыш станциясына дейінгі жалпы ұзындығы 8,4 шақырым магистральдық су тартқыштың қолданысқа енгізу жұмыстары аяқталуда. Ол Әлиханов, Ерубаев, Жауынгер-Интернационалистер көшелерінің, Бұқар жырау даңғылы, Михайловка және Ақтас кенті тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін болады.

Жаңа магистральдық су тартқыштың диаметрі 800 мм полиэтилен құбырларынан жасалған, оның қызмет ету мерзімі – 50 жыл. Құбырларды монтаждау төсемді бұзбайтын технология бойынша арнайы жабдықпен орындалады.

Су құбыры 120 мың тұтынушыға және 2 500 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді.

Құбырлар мен жабдықтарды монтаждаудың технологиялық бөлігі өте күрделі, себебі ол су құбыры, кәріз, жылу трассалары, күштік және әлсіз токты желілер арқылы ғана емес, сонымен қатар теміржолдар, қаланың басты көшелері мен алаңдары арқылы өтетін орындар бар. Сонымен қатар, құбырларды монтаждау барысында анықталған жобадан тыс, қосымша жұмыстар жүргізуге тура келді. Іске асырылып жатқан жобаның күрделілігі бірінші санатқа жатады, – деп атап өтті «Қарағанды Су» ЖШС баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта жаңа таратқышты гидравликалық сынақтардан өткізуге дайындық, бекіту арматурасын орнату, салынып жатқан құбырды жуу және дезинфекциялау сынды құрылыс-монтаждау жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр.

Жоғарыда аталған іс-шаралар аяқталған соң жаңа магистралдық су тартқышқа қосылу жүргізілетін болады. Әзірге тұтынушылар суды 1989 жылы пайдалануға берілген ескі су құбыры арқылы қолданып жатыр. Оның тозуы 80 пайызды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы