Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі басшысы Дьёрдь Сабо бүгін ЕҚЫҰ-ның «Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар» форумы аясында айтты.
Қарағанды облысындағы жергілікті полиция қызметіне сервистік жұмыс моделін енгізу бойынша басталған пилоттық жобаның елдің қазіргі астанасы немесе бұрынғы астанасында емес, елдің жүрегі саналатын дәл осы өңірде басталғаны ерекше қуантты. Себебі, бұл аймақ – елдің барлық проблематикасы көрініс тапқан өңір. Біз онда полицияның сервистік жұмыс моделінің нақты Қазақстанға лайықты үлгісін енгізіп қана қоймай, өзіндік жаңаша үлгі жасауға тырысып жатырмыз. Өйткені, мұндай жұмыс моделін көшіру мүмкін емес, ол көшіргеннен кейін жұмыс істемейді де, - деді ол.
Дьёрдь Сабо баяндамасы барысында өзінің Қазақстандағы миссиясы аяқталғанын жеткізді. Ол әріптестеріне қызмет барысында көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Айта кету керек, іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес пен азаматтардың Қазақстанда тұрақты және қауіпсіз қоғамдастық құру жөніндегі күш-жігерін біріктіру.
Шараға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес және БАҚ өкілдері, сонымен қатар, онлайн режимде Канада, Ұлыбритания, Франция, Аргентина, АҚШ, Австрия елдерінен сарапшылар қатысты.