Қарағандыда инвестиция көлемі артты

17 Шілде 2021, 10:25
2701
Бөлісу:
Қарағандыда инвестиция көлемі артты

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды қаласында өнеркәсіп саласында 6 жаңа жоба іске қосылып, сауда және қызмет көрсету саласында 90 нысан пайдаланылуға берілмек. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған сегіз кәсіпорында қайта жаңғыру мен өндірісті кеңейту жұмыстары жүргізіледі.

Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы сомасы 209,3 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба тіркелген. Олардағы жаңа жұмыс орындарының саны 3 368 орынды құрап отыр.

Қазіргі уақытта қалада құны 139,8 млрд теңге болатын жаңа 32 жоба қолға алынып, 3900 жұмыс орны ашылды. 2021 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «Qaz Qarbon» ЖШС агломерациаялық фабрикасымен Сарыарқа ферроқорытпа зауытының іске қосылады деп күтілуде. Жобаны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, - дейді Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Рахымбаев.
Қалада қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 8 кәсіпорынды қайта жаңғырту мен өндірісті кеңейту мақсатында жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайтын ірі инвестиция тарту көзделуде. Бұл кәсіпорындардың кейбіреуі өндіріс көлемін арттырды, кейбіреуі жаңа құрал-жабдық сатып алған, тағы бірінде қайта жаңғырту жасалып, цехтар кеңейтілуде, өндірілген өнімге арналған резервтік қоймалар салынуда. Сонымен қатар сауда мен қызмет көрсету саласында 90 нысанды іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 22 нысан шағын және орта бизнес саласындағы ірі жобалар саналады. Олардың жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайды және 700-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда биыл инвестициялық жобаларды іске асыруы нәтижесінде 1450 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың 765-і құрылған.

Өнеркәсіпте іске қосылады деп жоспарланған 6 жаңа жобаның үшеуі бүгінде жұмыс істеп тұр. Олар сервистік-техникалық орталық, полиэтилен құбырлар мен тігін бұйымдарын өндірумен айналысатын өндіріс орындары. Жыл соңына дейін басқа да ірі жобаларды халық игілігіне пайдалануға беру жоспарда. Олардың қатарында Восток-5 шағын ауданындағы «Корзина» супермаркеті бар сауда үйі, «Global City» сауда үйінің маңында сауда-логистикалық кешені, «Технодом» ЖШС-і, 19 шағын ауданда «Байқоңыр» балалар ойын-сауық орталығы және Федоровское су қоймасында демалыс аймағы бар. «Global City» базасында сыйымдылығы 10 мың тонналық көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде,- дейді бөлім басшысы Абзал Рахымбаев.



Өзгелердің жаңалығы