Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды қаласында балалар алаңдарын жаңарту, көшелерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары биыл да жалғасын табады. 2021 жылы қаланың екі ауданына жалпы саны 103 балалар ойын алаңы орнатылып, 17 заманауи футбол алаңы салынатын болады.
Қарағандының Қазыбек би және Октябрь аудандарында 781 аула, 61 алаң, 4 саябақ бар. Өткен жылы Республика көшесінің бойындағы жаңа алаңның құрылысы аяқталып, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы саябағына жөндеу жұмыстары жүргізілді, жаңа орталықтағы спорт нысандарының аумақтары жөнделді.
2020 жылы 421 аула абаттандырылды, оның 299-ы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделді. 14 аулаға кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 285 аула жарықтандырылып, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды, 119 жаяу жүргіншілер, 48 ішкі кварталдық жолдардағы жөндеу жұмыстары аяқталды,- дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
Биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Қазыбек би ауданында 53, Октябрь ауданында 50 балалар алаңы жаңартылып, Приканальная көшесіндегі және Шахтерлер даңғылының бойындағы алаңдар абаттандырылады. 17 футбол алаңы пайда болады.
Биылғы жылы ауданның 53 ауласында 318 жаңа спорттық элементтер мен 318 ойын элементтері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, ауданда жеті футбол алаңын салу жоспардануда. Қарағанды әкімдігі мен қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен биылғы жылы 396 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді,- дейді Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин.
Оның айтуынша, 7 заманауи футбол алаңын салуға 158 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Ойын алаңдары қаланың орталығы мен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарында ғана емес, сонымен қатар Федоровка және Михайловка ықшам ауданындарында да салынатын болады.
Октябрь ауданында да 2021 жылы 50 ойын алаңы, 10 футбол алаңы пайда болады.
Октябрь ауданында жалпы алғанда 315 аула бар. Олардың 179-ы 2018-2020 жылдары абаттандырылды. Биылғы жылы тағы да 50 аула жаңартылады. Ол үшін бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ 10 футбол алаңын салуға 220 млн теңге қаржы қарастырылған. Футбол алаңдары ешқандай спорттық нысандар жоқ қаланың шеткері аудандарына орнатылатын болады, - дейді Октябрь ауданының әкімі Мейрам Кожухов.Аудандағы жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеуге 100 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5340 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолын жөндеп, 135 жарықтандыру бағаналарын орнату көзделген.
«Қарағанды-Сұрыптау» бағытында электрлі пойыз жүргізу жоспарланғандықтан теміржол станцияларын абаттандырып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді аудан әкімі.