Қарағанды облысында жарты жыл ішінде 2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді

12 Шілде 2021, 22:10
2402
Бөлісу:
Қарағанды облысында жарты жыл ішінде 2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы шығарылды. Өсім әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сондай-ақ, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін болашақ міндеттерді айқындады.
Ағымдағы жылы облыс алдында экономика өсімін 3,4%-ға қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін әр саланың мақсатты параметрлері анықталған. Қаңтар-маусым айларында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің оң серпіні қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4% өсіммен 2 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 3,7%-ға өсу күтілуде, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов аппараттық кеңесте.

Құрылыста көлем шамамен 13%-ға артты. 10% өсіммен 214 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, жарты жыл ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша облыста 17 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2021 жылға 33 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Тұрақты жұмыс орындарын құру қалалар мен аудандар әкімдері жұмысының басты басымдығы болып қала беруі тиіс. Кез келген жаңа жобаны қарастыру кезінде осыған назар аударамыз. Президент еңбек жағдайларын жеке блокпен белгіледі. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысын сапалы жалғастыру тапсырылды. Тұрғындардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.  

Облыс әкімі ТКШ, көлік саласын дамыту мәселелеріне де тоқталды.

2021 жылы өңірде қала тұрғындарының ауыз сумен жабдықталуын 98,2%, ауылдарда – 90% деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті тұр.

Көлік әлеуетін дамыту – жаңа жолдар мен жол бойындағы сервис нысандарын салу ерекше бақылауға алынған.

Өзгелердің жаңалығы