Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында ауыл мектептерін жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымын жақсарту жалғасып жатыр.
Сондай-ақ, өңірде он білім беру нысаны салынуда, оның ішінде ауылдық жерлерде үш мектеп, төрт қосымша құрылыс, екі балабақша және Сәтбаев қаласында оқушылар сарайы бар. Облыс орталығында 11а шағын ауданда мектеп құрылысы аяқталып, МЖӘ аясында «Таугүл» шағын ауданында мектеп салуға құжаттар пакеті дайындалуда.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтты.
Ауыл мектептерін жаңғырту аясында 57 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 61 мектеп кітапханасы мен 9 асхана, 26 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталып, 12 оқу орнында жиһаз жаңартылады. Nur Otan жол картасы аясында 2025 жылға дейін тағы 299 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған, – деді Гүлсім Қожахметова.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі оқу орындарын үш ауысымдықтан арылту үшін 2025 жылға дейін 17 мектеп салу жоспарланып отыр, оның үшеуі МЖӘ есебінен және біреуі жеке меншік.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жол картасы аясында өңірде турникеттер орнатылған нысандар саны 245-ке дейін, мамандандырылған күзетпен – 282-ге дейін ұлғайтылды. Жақын арада турникеттер тағы 31 нысанда орнатылады, олармен қамтамасыз етілу 87%.
Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймелері, құлақтандыру және бейнебақылау жүйелері бар. Бейнекамералар санын арттыру, VPN-байланыс арнасын орнату, ЖБО-ға немесе өңірлердің кезекші бөліміне бейнесигналды шығару бойынша жұмыс жалғасуда.
Аутистік спектрдегі аурулары бар балалардың ата-аналары тарапынан келіп түскен көптеген өтініштерін ескере отырып, Қарағандыда орталық ашу туралы шешім қабылданды. Ол үшін қалада ауданы 700 шаршы метр екі қабатты ғимарат пен қажетті қаржы бөлінген. Орталық келесі жылы «Асыл Мирас» қоғамдық қорының қолдауымен ашылады, – деп қосты спикер.
Облыста мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 82,4%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Студенттерге арналған жатақханалар саны артып келеді. Биыл Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары үшін 100 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Шахтинск технологиялық колледжі жатақханаға өзінің оқу ғимараттарының бірін бөлді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 80 орындық жаңа жатақхана осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.