Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында жаз мезгілінде мыңнан астам қоқыс орны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір оның 160-сы жойылған. Экологтар рейд барысында Фёдоров су қоймасына барып, бір ай бұрын волонтерлер тазалап кеткен аумақтың қайта ластанғанын байқады. Айта кеткен жөн, Федоров су қоймасы – қала тұрғындарына демалуға рұқсат берілген екі орынның бірі. Пандемияға байланысты 12 шілдеде облыстағы барлық ашық және жабық жағажайда демалуға тыйым салынған болатын. Алайда бұл тыйымға қарамайтындар көп. Олар карантиндік тәртіпті бұзып қана қоймай, аумақта қоқысты да көбейтіп отыр. Өйткені отырған орындарын жинамайды.
Енді мұндай оңды-солды қоқыс тастағандар үшін айыппұл көлемі біршама өскендігін айтады экологтар.
1 шілдеден бастап жаңа Экология кодексі күшіне енді. Яғни әкімшілік айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін өсті. Бұл шамамен 145 мың теңге. Енді азаматтар қоқыс лақтырар алдында бірнеше рет ойланатын болады, – дейді экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Ісжанов.