Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында бір топ адам суға батып кете жаздады. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
24 мамыр күні сағат 15.25-те Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қапшағай су қоймасын патрульдеу кезінде №6 қалалық жағажай маңында суға батып бара жатқан бір топ адамды байқады. Жедел жүргізілген құтқару жұмыстарының нәтижесінде жағалауға 2002-2004 жылдары туған 5 жасөспірім жеткізілді. Жасөспірімдердің бірі ес-түссіз күйде жеткізілді, реанимациялық іс-шаралар өткізілгеннен кейін қыз есін жиып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды, - делінген хабарламада.
Кейін бұл жастардың Алматы қаласынан көлге демалуға келгені белгілі болған.
Алматы облысының ТЖД азаматтардан төмендегі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:
- Тек рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз. Суға ішімдік ішкен күйде кірмеңіз;
- Бейтаныс жерлерде шомылмаңыз және суға түспеңіз. Суда шомылушыларды ұстап алумен байланысты тентектікке жол бермеңіз;
- Қатты ағысы бар тік, жағалауларда, батпақты және өсімдіктермен толып жатқан жерлерде шомылмаңыз;
- Күшті ағыспен күреспеңіз. Оны жағаға жақындау үшін қолданыңыз. Ешқашан иірімдерге жүзбеуге тырысыңыз;
- Тоңып немесе қызып кетпеңіз. Егер судың температурасы + 18 С-тан төмен болса, шомылмаңыз;
- Жүзу тақталарын, бөренелерді, қолдан жасалған құрылғыларды пайдаланбаңыз;
- Жағадан алыс жерге үрлемелі матрастарда немесе баллондарда жүзбеңіз;
- Балаларға суға құлап кететін жерлерде ойнауға рұқсат бермеңіз;
- Шомылу кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз.