Қант бағасы бекітілді. Өзгерткендер жазаланады

31 Желтоқсан 2020, 23:34
2719
Бөлісу:
Қант бағасы бекітілді. Өзгерткендер жазаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімдігінің қанттың белгіленген бөлшек сауда бағасына қатысты №4/636 қаулысы 2020 жылдың 30 желтоқсанында күшіне енді. Құжатқа сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар болып саналатын «ақ қант – құмшекердің» бір келісінің бағасы 254 теңге болып бекітілді.

Бұл шара нарықтағы өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға және сатушылардың бағаны негізсіз өсірмеулеріне бағытталған.

Айта кетерлігі, әкімдік тарапынан қаулыға сәйкес 30 күнтізбелік мерзім аяқталған соң да бағаның өсуіне тосқауыл қоятын шаралар қабылданды. Осыған орай Алматы қаласының Тұрақтандыру қорына 2 мың тонна қант сатып алу жұмыстары қосымша пысықталуда.

Алматыда бұрындары мұндай реттеу тетіктерінің оң нәтиже бергені белгілі. Ағымдағы жылдың қараша айында қарақұмық жармасына шекті баға белгіленді. Соның арқасында қалада өнімнің орташа құнын 375 теңгеден 360 теңгеге дейін төмендеді.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен, яғни 30 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары аудандар әкімдіктерімен бірге кесімді бағаларды тұрақты бақылайтын болады.

Бағаға қатысты белгіленген тәртіп бұзылатын болса және жыл ішінде қайталанса, онда 100 АЕК-тен (291 700 теңге) 200 АЕК-ке (583 400 теңге) дейін айыппұл төленіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұрын хабарланғанындай, қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға шамамен 9 миллиард теңге жұмсалады. Бұл қаражат реттеу тетіктерін іске асыру, оның ішінде қаланың сауда желілерінде келісілген бағадағы өнімдер желісін кеңейту үшін бөлінген.

Өзгелердің жаңалығы