Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтайтын емтихан қалай өтетіні айтылды.
ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:
- лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;
- лингвистикалық комиссия ұсынған қазақ әдебиетінен үш беттен ааспайтын мәтін оқытылады;
- лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етілетінін ата өтті.
«Тақырыптарды бүгін ғана құрылған лингвистикалық комиссия анықтайды. 21 сәуір 12.00-де алғашқы отырысы өтеді. Сол жерде тақырыптар ұсынылады. Лингвистикалық комиссияның отырысынан кейін ғана таңдалған тақырыптар туралы айта аламыз. Жалпы тақырыптар Қазақстан тарихы, оқуға әдетте әдеби классикалар, еркін тақырыпта әлемдік мәселелер, қазақстанның әлеуметтік- экономикалық, саяси мәселелері болуы мүмкін. Үш кезеңдік емтиханнан соң кандидаттың мемлекеттік тілді білуі туралы қорытынды шығарылады. Кандидаттарға баяндау үшін қажетті деңгейде уақыт беріледі. Тапсырмаларды таңдап алу ашық жүргізіледі. Үміткер емтихан талаптарындай тапсырмалардың үш түрінің әрқайсысынан бір-бірден таңдап алады», - деп айтты ОСК мүшесі.
Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін президенттікке кандидатқа жеткілікті уақыт беріледі. Жазбаша тапсырмаға қажет болған жағдайда жарты сағатқа ұзарту мүмкіндігімен бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалуға 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.