Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Канаданың Олимпиада және Паралимпиадалық комитеттері 2020 жылы Токиода өтетін жазғы ойындарға қатысудан бас тартты.
Канаданың олимпиадалық құрамасының сайтында бұл шешім COVID-19 коронавирустық инфекциясымен қауіптілігіне байланысты деп түсіндірілген. Кейіннен Австралия Олимпиада комитеті де дәл осындай шешім қабылдады.
Канаданың Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитетін (ХОК) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ) жазғы Олимпиада ойындарын бір жылға шегеруге шақырды.
Біз жаһандық денсаулық сақтау дағдарысының алдындамыз, бұл спортқа қарағанда әлдеқайда маңызды, - делінген хабарламада.
Австралияның Олимпиада комитеті спортшыларының ойындарға дайындықты 2020 жылы емес, 2021 жылдың жазында бастайтындығын мәлімдеді.
Бұған дейін коронавирустық пандемияға байланысты Норвегия мен Бразилияның Олимпиада комитеттері де 2020 жылғы Токиодағы ойынды кейінге шегеруді сұраған болатын.
ХОК төрт апта ішінде шешім қабылдауға ниетті. Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ 23 наурызда ел парламентінде сөйлеген сөзінде, егер оны толық форматта өткізу мүмкін болмаса, Олимпиаданы кейінге қалдыруды жоққа шығармады.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді деп белгіленген. Жапонияда COVID-19 жұқтырудың 1 101 жағдайы расталды, Diamond Princess круиздік кемесінде тағы 712 адам ауырып қалды. Бұл дерттен 49 адам қайтыс болды.
Канадада 23 наурыздағы жағдай бойынша ауруды жұқтырғандар саны 1430 адамды құрады, вирус жұқтырғандар он провинцияның барлығынан анықталды.
Коронавирустық инфекцияның жаңа түрінің індеті 2019 жылдың соңында Қытайда басталып, әлемнің 150-ден астам еліне таралды.
Бүгінгі күнге дейін 300 000-ға жуық адам ауруды жұқтырды, 13 000-ға жуық өлім тіркелді.