Канада әлемде алғаш рет 12-15 жастағы балаларға вакцина салуды мақұлдады

6 Мамыр 2021, 23:26
1192
Бөлісу:
Канада әлемде алғаш рет 12-15 жастағы балаларға вакцина салуды мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Британия мен Франция екпенің үшінші дозасын салуды ұсынды. Ал Колумбияда вакциналау науқаны тоқтап қалды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АҚШ-тың вакцинаға патентті уақытша тоқтату туралы ұсынысын қолдады. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус бұл індеттің таралуына тезірек тосқауыл қоюға көмектесетінін алға тартады. Сондай-ақ ол аталған шешім екпелерді көптеп шығарып, әлем елдеріне әділ бөлуге көмектеседі деп отыр. Вакцинаға патент беруді уақытша тоқтату туралы бастаманы АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Тай көтерген болатын.

Польша Данияға керексіз болып қалған «Johnson & Johnson» екпесін сатып алуға дайын. Дат үкіметі аталған препаратты адамға еккеннен кейін қанда тромбтар пайда болады деп одан бас тартқан еді. Дәл осы сәтке дейін Польшада 12 миллион доза салынған. Алайда ресми мәліметті жариялаған үкіметтік порталда 700 мың дозаның орны толмай тұр. Жергілікті ақпарат құралдарының зертеуінше, осыншама екпе вакциналау орталықтарына жіберілген, бірақ іс жүзінде ешкімге салынбаған. Билік болса, жаңа шектеулер енгізді.

Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка Республикасынан келген барлық жолаушы автоматты түрде карантинге жабылады. Тек 7 күннен кейін ғана бұл адамдар тест тапсырып, нәтижесі теріс болса, оқшауланудан босатылады, – деді Польша премьер-министрі Адам Недзельский.

«Модерна» екпесінің үшінші дозасы жаңа штамдарға қарсы тиімділігін көрсетті. Бұған сынақтың алғашқы қорытындысы дәлел. Әзірге бұл нәтиже сарапшылардың тексерісінен өткен жоқ. Ал «Таймс» басылымы Британия осы күзде жасы 50-ден асқан тұрғындарға үшінші дозаны ұсынатынын хабарлады.

Үшінші дозаны француздар да салдыруы мүмкін. Себебі осы 2 елдің тұрғындарына бірінші дозаның жарамсыз нұсқасы егіліпті. Канаданың Альберта аймағы алғашқы мүшелден аспаған балаларға вакцина салуға кірісті.

Алдағы дүйсенбіден бастап Альберта провинциясының 12 жастағы әр тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады. «Файзер» екпесінің жасы 12-ден асқан адамдар үшін қауіпсіз екені нақтыланды. Осы тұрғыда біз алғашқы провинцияға айналып отырмыз, – деді Альберта провинциясының премьері Джейсон Кенни.

Ал Колумбияда 8 күннен бері биліктің экономикалық саясатына қарсы толқулар тоқтамай тұр. Елдің Даму және бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметі бойынша, қаза тапқандар саны 30 адамнан асты. Жүзге жуық тұрғын із-түссіз жоғалып, мыңнан астамы жарақат алған. Үкімет өткен айдың ортасында салықты көбейтіп, біраз жеңілдіктерді алып тастайтын заң жобасын ұсынған болатын. Осының кесірінен вакциналау науқаны тоқтап қалды.

Өзгелердің жаңалығы