Кәмпиттен жәндік тапқан әйел 2 миллион теңге өтемақы талап етті – сот шешімі қандай?

Ол сапасыз тауар сатып алғаны үшін балаларының алдында өзін кінәлі сезінгенін, жиіркеніш пен күйзеліс көргенін алға тартқан.

 depositphotos.com 23 Ақпан 2026, 12:18
23 Ақпан 2026, 12:18
474
Фото: depositphotos.com

Қостанайда әйел супермаркеттен алған кәмпиттен жәндік тауып, 2 млн теңге моральдық өтемақы талап етті. Сот өтемақы мөлшерін 250 мың теңгеге дейін қысқартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай қалалық сотының мәліметінше, өткен жылдың күзінде Қостанай қаласының тұрғыны қалалық супермаркеттердің бірінен кәмпит сатып алған. Қаптаманы ашқан кезде оның ішінен зиянкес жәндіктерді байқап, мамандар өнімнің паразиттермен залалданғанын растаған.

Талапкер өзіне келтірілген моральдық зиян үшін 2 миллион теңге өндіруді сұрады. Ол сапасыз тауар сатып алғаны үшін балаларының алдында өзін кінәлі сезінгенін, жиіркеніш пен күйзеліс көргенін алға тартты, – деп хабарлады сот.

Жауапкер сапасыз тауар сатылғанын мойындағанымен, талап арыздағы сомамен келіспеген. Ол денсаулыққа зиян келтірілгенін дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін көрсетіп, 200 мың теңгені ерікті түрде төлеуге дайын екенін білдірген.

Денсаулыққа зиян келтірілмегенін, жауапкердің кешірім сұрағанын және келтірілген шығынды ерікті түрде өтегенін ескере отырып, сот өтемақы мөлшерін 2 000 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін төмендетуді орынды деп тапты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, – делінген сот хабарламасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырауда екі түлек дау болған "Алтын белгіні" сотпен қайтарып алды. Үздік оқыған оқушыларға жергілікті комиссия "Алтын белгі" беруден бас тартқан.

Наверх