Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Калифорниядағы қолайсыз ауа райынан бірнеше адам қаза тапты

Бүгiн, 21:25
166
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

АҚШ-тың Калифорния штатында нөсер жауын, күшті дауыл мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны үш адамға дейін артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

BBC мәліметінше, алапат дауыл Лос-Анджелес қаласының бірқатар аудандарында тұрғындарды эвакуациялауға және негізгі автомагистральдарды жабуға мәжбүр етті.

Құтқару қызметтері тасқын су салдарынан көліктерінде қамалып қалған адамдарды шығару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кеше берілген мәліметке сәйкес, штатта шамамен 100 мың тұрғын электр қуатынсыз қалған.

АҚШ-тың Ұлттық ауа райын болжау орталығы кенеттен болатын су тасқындарының туындау қаупі жоғары екенін ескертті.

Билік Сан-Диего қаласында 64 жастағы ер адам құлаған ағаштың астында қалып қаза тапқанын айтты. Тағы бір шамамен 70 жастағы адам дүйсенбі күні Мендосино ауданында толқын алып кеткеннен кейін көз жұмған.

Бұған дейін демалыс күндері су тасқыны болған Реддинг ауданында 74 жастағы ер адамның қаза тапқаны да хабарланған еді.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом кеше қатты жауын-шашын мен дауылға байланысты Лос-Анджелес, Орандж, Риверсайд, Сан-Бернардино, Сан-Диего және Шаста округтерінде төтенше жағдай режимі енгізілгенін мәлімдеді.

Ньюсомның айтуынша, қаңтар айында Пасифик-Палисейдс ауданында болған өрттен зардап шеккен аумақтар енді нөсер жауын, көшкін және сел жүру қаупімен бетпе-бет келіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы