Лос-Анджелес округіндегі «Саммит» орман өрті бір тәулікте шамамен 650 гектар аумақты шарпып, бірнеше ауданның тұрғындарын эвакуациялауға мәжбүр етті.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, 10 шілдеде Лос-Анджелес округінде тұтанған «Саммит» орман өрті шамамен 650 гектар аумаққа тарады. Калифорнияның өртке қарсы қызметінің мәліметінше, өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ.
Өрттің жылдам таралуына байланысты билік бірнеше аудан тұрғындарын міндетті түрде эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Қаза тапқандар туралы әзірге ақпарат жоқ. Ал Fox News телеарнасының жергілікті бөлімшесі куәгерлерге сілтеме жасап, жалынның кейбір ғимараттарға жеткенін хабарлады.
Еске салсақ, 2025 жылдың басында Лос-Анджелес өз тарихындағы ең жойқын орман өрттерінің бірін бастан өткерген еді. Сол кезде «Итон» және «Палисейдс» өрттері 12 мыңнан астам ғимаратты, соның ішінде танымал тұлғалардың үйлерін де жойған болатын.
Ресми мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан 30-ға жуық адам қаза тапқан. Алайда денсаулықтың нашарлауы мен басқа да жанама салдарды ескергенде, құрбандар саны шамамен 440 адамға бағаланған.