Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова хабарлады.
Оның айтуынша, еліміздің бас қаласында 12 және 18 жас аралығында 110 мың бала бар.
Олардың ішінде 63 мың бала вакцинациялау тобына жатады. Елорда бойынша 114 мың азаматты вакцинациялау үшін вакцинаның 219 мың дозасын әкелу жоспарланып отыр. Ал жүкті және бала емізетін әйелдер саны 27 мың шамасында. Бірақ олардың денсаулық жағдайы көтермесе, вакцинация жасалмайды, - деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.
Ескеретін жайт, балаларды вакцинациялау үшін ата-анасының біреуінің келісімі қажет. Нұр-Сұлтандағы бүкіл мектепке жауапты емханалар бекітілген. Қалаған жағдайда екпені білім беру мекемесіндегі егу кабинетінде немесе емханаға келіп жасатуға мүмкіндік бар.
Бүгін жеткізілген Pfizer вакцинасының бір құтысы 6 дозаға есептелген. Яғни 6 адамға бөліп салынады. Вакцинациялау әдеттегідей екі компонеттен тұрады. Екінші компонент араға 21 күн салып егіледі, - деді Әлия Рүстемова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда балалар вакцинациясы қашан басталатыны туралы жазған болатынбыз.